«Мұндайды Қазақстанда жүзеге асыру мүмкін емес» дегендер де табылды – QJ League президенті
Freedom QJ League
Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті, QJ League президенті Рохус Шох жасөспірімдер арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған лиганы қорытындылап, алдағы жоспары туралы баяндады, деп хабарлайды BasSport.kz.
– Рохус мырза, алғашқы маусым мәресіне жетті. Тұңғыш рет қолға алынған жобаның биылғы маусымын қорытындылай кетсеңіз.
– Маусым ойдағыдай өтті деп айтуға толық негіз бар. Біз бұл жұмысты бастағанда жобаның жүзеге асатынына көпшілік күмәнмен қараған. «Ғарышты бағындырамыз дейсіңдер, мұндайды Қазақстанда жүзеге асыру мүмкін емес» дегендер де табылды. Кадр тапшылығын алға тартқандар да көп болды. Рас, қаншама түйіндеме келді, жүздеген әңгімелесу өткіздік. Еліміздің түкпір-түкпірінен әбден іріктеп, QJ лиганы ұйымдастыруға қабілетті 21 жастан 35 жасқа дейінгі қыз-жігіттерді жинадық. Олар жарты жылдан астам уақыт бойы тынымсыз еңбек етті. Жоқтан бар жасады. Ал нәтижесін өздеріңіз де көрдіңіздер. QJ League ауқымды, ұлттық және жүйелі жоба деп айтудан жалықпаймын. Бұл – біздің ертеңімізге жол ашатын қадамды бүгін бастау керектігін дәлелдеп берген жоба. Яғни біз болашақты бүгін қалыптастырамыз. Осыны ұмытпау керек. Жоба жүзеге асты және оның бүгінгі аяқ алысы шынымен де қуантады.
– Бірнеше қалада match day өтті, оған өзіңіз де арнайы барып қатыстыңыз. Солардың ішінде қай қалада көрермен белсенді болды?
– Мatch day – ерекше оқиға. Жасөспірімдер арасындағы турнир көрермен тарапынан осыншалықты жоғары сұранысқа ие болады деп ешкім ойлаған жоқ.
Өзім Тараз қаласының тумасымын. Бұл тарихи шаһар Қазақстандағы футболдың «фабрикасы» іспеттес. Бұрын да сондай болған, бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. Тараздағы турнирге жиналған жанкүйерді көріп ерекше қуандым. Стадион толып отырды – 12 мың адам! 20 жылда мұндай болған емес, ал 17 жастағы жасөспірімдердің матчын осыншама адам көруге келді. «Тараз» бен «Қайрат» жастары да аянып қалмады. Кәсіпқой клубтардың ойыны секілді. Билеттер толық сатылып кеткен. Иә, бағасы арзан, сөйте тұра оның өзі де үлкен көрсеткіш. Клубтардың ойындардың билеттерін сата білуі маңызды.
Ал лиганың ашылуына 18 мың адам келген, жасөспірімдер үшін бұл өте үлкен сан. Бүгінде Қазақстанның жасөспірімдер құрамасында өнер көрсететін ойыншылардың басым бөлігі лига қатысушылары. Бапкерлердің көзіне дәл осы QJ League арқылы түскен балалар да бар. Барын салып баққан футболшылар құрамаға шақыртылды. Ғажап қой. Сөзімізге тұздық болсын, лигада ойнайтын 30-дан астам ойыншы 2023 жылы еліміздің 17 және 19 жасқа дейінгі құрамаларына шақыртылды. Матчтар республикалық телеарналарда тікелей эфирде көрсетілді, ондағы көрермен саны да көбейіп келеді.
Қызылорда, Атыраудағы ойындарды да мыңдаған адам стадионда отырып тамашалады. Алдағы уақытта match day-лер өзге қалаларда да ұйымдастырылады. Көрермен футболға қызығады, шынайы жанкүйер бола алады. Неге? Себебі онда өзіміздің арамыздан, ауламыздан шыққан балалар доп теуіп жүр. Балалардың ата-аналары, туған-туыстары, ұстаздарынан бөлек жастар, тіпті қыздар да көптеп келді. Осылайша бұқаралық спорт дамып жатыр, тиісінше бәсеке де артады. Бұл жобаның футболшыларды ғана емес, жанкүйерлердің жаңа легін тәрбиелеуде де үлесі зор.
– Жаңа маусымда қандай өзгерістер күтіледі? Бәлкім қалалар, қатысушылар саны артатын шығар?..
– Биылғы маусымда QJ League командасы еліміздің әртүрлі қалаларында алты фестиваль өткізді. Оның ішінде ашылу матчы да, Алматыдағы эко-ивент те бар. Соның қай-қайсысын алып қарасаңыз да қызығушылық жоғары болғанын байқау қиын емес. Сарапшылардың да, ата-аналар мен кішкентай жанкүйерлеріміздің де көңілінен шықты.
Семей, Түркістан, Өскемен секілді көптеген қаланы араладық. Жергілікті клубтар тарапынан қызығушылық жоғары. Алғашқы маусымда бір жас деңгейі ғана болды – U-18. Еліміздің 10 өңіріндегі кәсіпқой клубтардың үздік 12 жасөспірім командасы бақ сынады. Ал 2024 жылы жарыстар екі жас деңгейі бойынша өтеді. Еліміздің барлық өңірінен командалар қатысады. Екінші лига болады, оған да командалар іріктеледі. 2025 жылы үшінші жас деңгейі мен қыздар лигасын қосуды жоспарлап отырмыз. Себебі аруларымыздың арасында да футбол ойнағысы келетіндер көп.
– Аталған лиганы құру сіздің бастамаңыз еді. Бұл ой қайдан келді?
– Мұндай лиганы құру туралы ой былтыр – өңірлерді аралап жүрген кезде пайда болды. Облыс не клуб басшыларымен ғана емес, бапкерлермен, соның ішінде балалар бапкерлерімен де жиі тілдестік. Сонда отандық футболға АҚШ-тағы MLS-Next немесе Ресейдегі ЖФЛ секілді жобалардың қажеттілігін түсіндім. Еуропада да жастар лигалары бар, олар балалар-жасөспірімдер мен ересектер арасындағы көпірге айналған. Футбол орталықтары мен академиялардың тәрбиеленушілері бала кезінен бастап кәсіби футболшылардың өмір сүру қалпына бейімделуі қажет. Олар да апталық циклмен өмір сүріп, өз алаңында және сырт алаңда матчтар өткізуі керек.
Ойдың пайда болуы бар да, оны жүзеге асыру тағы бар. Мұндайда бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Сәтін салып қазақстандық миллиардер әрі меценат Тимур Турловпен танысқанымда осындай жоба барын айттым. Ол қатты қызықты. Тимур мырза ірі кәсіпкерлер елдің дамуына, адами ресурстарға, жастарға инвестиция салуы керек дегенді ұстанады. Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы сол мақсаттың орындалуына жақындаймыз деп санады. Ойымыз бір жерден шығып, оны футболға қызықтыра білдім, әйтпесе бұған дейін футболға көңіл бөлмей келген екен.
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловпен ақылдаса келе жасөспірімдер лигасын құру және оны федерацияның жеке жобасы ретінде жүзеге туралы шешім қабылданды. Осылайша сәуір айында айтулы жобаны бастап кеттік. Араға жарты жыл салып, алғашқы маусымы да аяқталды.
Чемпионат шынымен тартысты өтті. Чемпион атанған «Қайрат» жастары соңғы турда «Жас Қыран» футболшыларына есе жіберді. Мұның өзі бәсекенің жоғары болғанын аңғартса керек.
– Аталған лига жастарымыз үшін әлеуметтік жеделсаты бола ала ма?
– Біздің мақсат сапаны арттыра отырып басқа деңгейге шығу болатын. Бұл футболшыларға ғана қатысты ұстаным емес. ҚФФ-мен бірлесіп бапкерлердің, төрешілердің шеберлігін шыңдауға кірістік. Мatch day менеджері, спорттық менеджер, медиаменеджер секілді жаңа мамандықтар пайда болды. Осылайша біз жан-жақты дамуға тырысып жатырмыз.