УЕФА инспекторы «Қайсар Аренада» лицензиялау жұмысын бастады

УЕФА инспекторы «Қайсар Аренада» лицензиялау жұмысын бастады
Футбол

Vesti.kz

UEFA инспекторы Скотт Струзерс Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, «Қайсар Арена» стадионын лицензиялау жұмыстарын бастады.

Тексерістің басты мақсаты — 2025 жылдың соңында пайдалануға берілген 11 мың орындық заманауи «Қайсар Арена» стадионын УЕФА талаптарына сәйкестендіру, сондай-ақ Еуропа чемпионаты секілді ірі деңгейдегі матчтарды өткізу мүмкіндігін қарастыру.

Айта кетейік, өткен жылы жаңа стадион UEFA Time бағдарламасына 4-санаттағы стадион ретінде енгізілген болатын. Сонымен қатар ойын алаңы FIFA тексерісінен өтіп, ең жоғары деңгейдегі FIFA QUALITY PRO сертификатын алған. Осыған байланысты Скотт Струзерс жаңа стадионның инфрақұрылымымен жан-жақты танысып, оның негізгі талаптарға сәйкестігін тексеруде.

«Қайсар Арена» ресми түрде 2025 жылдың 4 қазанында Қазақстан кубогының финалдық матчымен ашылған еді.

Айта кету керек, бұған дейін УЕФА инспекторы семейлік «Спартак» стадионында да тексеріс жүргізген. ҚФФ мәліметінше, тексерістің негізгі бағыттарының бірі — аренаның еурокубок матчтарын өткізу талаптарына сәйкестігін бағалау болған. Биылғы маусымда семейлік «Елімай» еурокубок додасында өнер көрсетуді жоспарлап отыр.