"Бұдан да биік шыңды бағындырамын": таеквондодан Универсиада чемпионы Рита Бакишева туралы не білеміз
Қытайдың Ченду қаласында өткен жазғы Универсиадада Қазақстан құрамасы 2 алтын медаль жеңіп алды. Соның бірін жас таеквондошы, ұлттық құрама мүшесі Рита Бакишева қоржынға салды. Олимпиадалық салмақта бақ сынайтын талантты спортшы әлемдік деңгейдегі ірі жарыста алғаш рет тұғыр биігінен көрініп отыр. Осы орайда, Bassport.kz Ритамен аз-кем тілдескен болатын.
- Рита, жеңіс құтты болсын! Бұл жеңіске жетер жол оңай болмаған шығар...
- Шыны керек, бұл мен үшін үлкен қуаныш болды. Даянга шыққан кездегі бар ойым – елімнің, халқымның, мен үшін жанкүйер болған ата-анам мен қолдаушыларымның және бапкерімнің үмітін ақтау еді. Қуанышқа қарай, бар қарсыласымды ұтып, ел қоржынына екі алтынның бірін салдым. Бұл менің ғана емес, бәріміздің ортақ жеңісіміз. Әрине, оңай болған жоқ. Десе де, менің жеңіске жетіп, еліміздің Әнұранын шырқатқан сәт бар қиындықты ұмыттырады.
-Универсидадағы ең қиын жекпе-жегіңіз туралы не айтасыз?
- Жалпы алғанда төрт кездесу өткіздім. Оның ішінде Оңтүстік Корея өкілімен өткен жекпе-жек қиынырақ болды. Бір қызығы – бұл спортшылармен бір салмақта болған соң, сыртынан білетінмін. Бірақ даянгте алғаш рет кездестік.
- Чемпион атанып, ел қоржынына алғашқы алтынды салғаннан кейінгі сезім қандай болды?
- Біріншіден, құттықтаулар толассыз келіп жатты. Бәрі риза боп жатқаны менің де көңілімді марқайтты. Екінші келген ой – мұнымен тоқтап қалмау. Бұдан да биік шыңдарды бағындыруым керек деген мақсатымнан бас тартпаймын.
- Жақында ұлттық құрамада ауыс-түйістер болып жатыр. Бапкерлер құрамында да өзгеріс бар. Мұны қалай қабылдадыңыз?
- Әр бапкердің өзіндік мықтылығы бар. Әрбір маманнан біз өлшеусіз тәжірибе аламыз. Қазіргі жағдайға келер болсам, расында қуаныштымын.
- Түркістанда өткен Қазақстан кубогінің финалында жеңіліп қалдыңыз. Бұл жеңіліс сізді қамшылады ма?
- Ұтылған сайын еңсемді түсірмеуге тырысамын. Жеңіспен бірге жеңіліс те жүреді ғой. Қазақстан кубогінде ұтылғанда да еш мұңаймадым. Тек өзімнің қателіктеріммен жұмыс істей беремін. Өзіңді жеңгенде ғана өзге де мықтыларды жеңе аласың. Сондықтан бұдан әрі қарай да тынымсыз еңбектенемін.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан - Ақырыс Сейтқазы