Исламхан бастаған «Ордабасының» көшбасшы ойыншылары неге «Астанамен» ойнамай қалды?

Исламхан бастаған «Ордабасының» көшбасшы ойыншылары неге «Астанамен» ойнамай қалды?
Футбол

Кеше Қазақстан премьер-лигасының төртінші турында «Астана» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» клубын қабылдаған. Жанкүйерлер асыға күткен орталық ойын еді. Алайда командалардың құрамы жарияланғанда бәрінің көңілі су сепкендей басылды, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.

Өйткені Шымкент командасы елордадағы ойында негізгі құрамдағы футболшыларының біразын шығарған жоқ. Ұлттық құрама мүшелері Бауыржан Исламхан мен Сергей Малый тіпті хаттамада болмады. Команда капитаны Асхат Тағыберген қосалқы құрамда қалды. Легионерлердің арасында Петрович пен Матич те тізімге ілінбеген. Өзбек шабуылшысы Бобыр Абдихоликов та екінші таймда ғана алаңға кірді. Алдарына чемпион боламыз деп мақсат қойған команданың мұндай тәуекелге бару себебі неде? Аталған ойыншылар алаңға неге шықпады? «Ордабасы» бапкері Александр Седнев былай деп жауап берді.

Әрқайсысының өзіндік себебі бар. Ұлттық құраманың ойындарынан кейін ойыншыларға демалыс керек болды. Негізгі құрамның ойыншыларын мұндай сәтте тәуекел етіп, бір матч үшін алаңға шығара алмаймыз. Мысалы, Исламхан ауырып қалды. Сондықтан қонақ үйде жатыр. Тіпті, клубтың қызметкерлері ауырып жүр. Бұл қашанға деййін жалғасатынын білмеймін. Малый жарақат алған. Тағыберген ұлттық құрамада екі ойын өткізді. Ол қазір клуб пен ұлттық құрамада 90 минут алаңға шығып жүрген футболшы. Демалмаған. Бір кездесу үшін тәуекелге бара алмадық. Чемпионаттың ойындары көп, - дейді Седнев.

Айта кетейік, «Астана» мен «Ордабасы» арасынадғы ойын 2:0 есебімен аяқталды. Алғашқы голды Марин Томасов кіргізсе, екіншісі автогол.