Қазақстан семсерлесуінің жаңа бағыты: реформа, нәтиже және даму қарқыны

Қазақстан семсерлесуінің жаңа бағыты: реформа, нәтиже және даму қарқыны
Басқа

ҰОК

Қазақстан семсерлесу спорты соңғы жылдары айтарлықтай дамып келеді. Бұл бағыттағы өзгерістер мен болашақ жоспарлар жөнінде ҚР Семсерлесу федерациясы президентінің кеңесшісі Тимур Байтасовпен сұхбаттасқан едік.

– Соңғы 3–5 жылда еліміздегі семсерлесу спортының даму қарқынын қалай бағалар едіңіз?

— Мен 2018 жылы федерация президентінің кеңесшісі қызметіне келген кезден бастап, біз бірқатар реформаларға кірістік. Сол уақыттан бері Қазақстан құрамасы 100-ден астам халықаралық медаль иеленді. Бастапқыда венгриялық маман Ференц Тот ұлттық құраманың кеңесші жаттықтырушысы болып шақырылды. Оның басшылығымен команда Олимпиада ойындарына лицензия алып, әлемдік рейтингтің алғашқы сегіздігіне енді. Токио Олимпиадасында біз алтыншы орын иелендік, бірақ ол нәтиже біз үшін межелі деңгей болған жоқ.

Сондықтан әлемдік деңгейдегі үздік жаттықтырушылардың бірі — жапон құрамасымен жұмыс істеген Александр Горбачукты шақырдық. Оның шәкірттері Токио Олимпиадасында және Парижде алтын медаль алған еді.

Келіссөздер 2023 жылдан бері жүріп, ол Париж Олимпиадасынан кейін біздің ұсынысты қабылдады. 2024 жылдың қарашасында жұмысқа кірісіп, көп ұзамай Тбилисиде өткен әлем чемпионатында құрамамызды қола медальға жеткізді.

– Қай өңірлер қазір жас спортшыларды даярлау ісінде жақсы нәтиже көрсетіп отыр?

— Семсерлесу спорты үш бағытқа бөлінеді: рапира (найза), сабля (қылыш) және шпага (сапы). Әсіресе сапы бағытында Шығыс Қазақстан облысы, Алматы және Шымкент қалалары жақсы көрсеткіштер көрсетіп жүр. Бұл өңірлердің спортшылары ұлттық құраманың негізгі бөлігін құрап отыр.

– Алдағы уақытта арнайы семсерлесу орталықтары немесе академиялар ашу жоспары бар ма?

— Иә, бұл бағытта нақты жұмыс басталды. Халықаралық семсерлесу федерациясының ұсынысына сәйкес, Астанада халықаралық семсерлесу академиясының филиалы ашылады.

– Қазіргі жас буын семсерлесушілердің әлеуетін қалай бағалайсыз?

— Бізде жастар өте дарынды. Александр Горбачук келгеннен кейін ол ең алдымен жастармен жұмыс істеуге көңіл бөлді. Қазір бізде жастар мен тәжірибелі спортшылар қатар дайындалып жатыр.

– Заманауи технологиялар мен инновациялар жаттығу процесінде қалай қолданылып жүр?

— Бұл тұрғыда да үлкен өзгеріс бар. 2024 жылы Sport Qory қорының қолдауымен спортшыларға кәсіби смарт-браслеттер сатып алдық. Бұл құрылғылар спортшының физикалық жағдайын, жүрек соғысын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жүрек жүйесін бақылайтын арнайы құрылғылар да алынды. Спортшылар бұл жабдықтардың жаттығу сапасын жақсартып, денсаулықты сақтап, өнімділікті арттыруға көмектесетінін айтып отыр.

Қазір Қазақстанда семсерлесу спорты біртіндеп өз инфрақұрылымын қалыптастырып, кәсіби деңгейге бет алып келеді. Реформалар мен жаңа әдістемелердің нәтижесі алдағы жылдары халықаралық ареналарда айқын көрінбек.