«Қазақстан Барысы – 2025» додасындағы ең ерекше балуандар

«Қазақстан Барысы – 2025» додасындағы ең ерекше балуандар
Күрес

Ұйымдастырушылар

2025 жылдың 17 қазанында Астанадағы «Damu Mall» сауда орталығында ұлттық күрес жанкүйерлері асыға күткен «Қазақстан Барысы – 2025» республикалық турнирінің қатысушылары ресми салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Бұл – ертеңгі финал алдындағы шешуші кезеңдердің бірі.

Салмақ өлшеу қорытындысы бойынша турнирдің ең ауыр балуаны атағы Маңғыстау облысының өкілі, «Қара бура» лақап атымен танылған Нұрдәулет Жарылғаповқа бұйырды. 30 жастағы палуанның салмағы – 167 келі. Әлем және Азия чемпионы, бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы бұл жолы алтын белбеуді мақсат еткенін айтты:

«Бұл турнир мен үшін ерекше. Сегізінші рет қатысып отырмын. Екі рет күміс алдым, енді алтын белбеуді жеңіп алуға бар күшімді саламын. Барлық палуанның мақсаты – «Тайтұяқ», ал шешуші сәтті бозкілем анықтайды», – деді ол.

Жарыстағы ең тәжірибелі балуан – 37 жастағы Саят Шамшиев («Болатшы»), Абай облысының өкілі. 2010 жылғы Әлем чемпионы және былтырғы «Қазақстан Барысы – 2024» турнирінің қола жүлдегері бұл жылы да жоғары нәтижеден үмітті.

Ал ең жас қатысушы – Ақтөбеден келген 20 жастағы Әмірбек Рахимов («Жас барыс»). Салмағы – 105 келі. Жас болса да, республикалық жарыстарда өзін танытып үлгерген спортшы «Жас барыс» турнирінің жеңімпазы.

Салмақ бойынша ең жеңіл палуан – Абай облысының өкілі Ерсін Сейітқазынов («Алакөл қыраны»). Оның салмағы небәрі 91 келі болса да, ол – Әлем және Азия чемпионы, Қазақстан кубогының иегері.
«Қазақстан Барысы – 2025» турниріне еліміздің барлық облыстары мен ірі қалаларынан іріктеу кезеңдерінде үздік шыққан балуандар қатысады. Сондай-ақ былтырғы жеңімпаз Ерасыл Қажыбаев пен «Әскер Барысы» сайысының екі мықтысы додаға қосылады. Биыл бозкілемге шығатын балуандардың жалпы саны – 43.

Ертең, 18 қазан күні сағат 12:00-де, Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін финал ұлттық спорттың ең жарқын мерекесіне айналмақ. Турнир жеңімпазы «Қазақстан Барысы – 2025» атағын иеленіп, ел мақтанышы саналатын «Алтын белбеу» мен алтын «Тайтұяқтың» иегері атанады.

Биылғы жарыстың жалпы жүлде қоры – 27 миллион теңге.