Неге Беларусь еліндегі футболшылар Қазақстанға ағылып жатыр?
Қазір Қазақстандағы 13 командада Беларусь футболшысы бар екен. Бұл тізім әлі де ұлғаюы мүмкін. BasSport.kz тілшісі осының себебіне үңіліп көрген еді.
2000-2019 жылдар аралығында Беларусь футболында да азды-кем жетістіктер болды. Борисов қаласының БАТЭ клубы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне бес рет өтті. Үш мәрте Еуропа лигасының плей-офф бәсекесінде ойнады. Александр Глеб «Штутгарт», «Арсенал», «Барселона» секілді топ-командалардың намысын қорғады. Виталий Кутузов Криштиану Роналдумен бірге доп тепті. Осыдан 10 жыл бұрын БАТЭ ойыншыларының орташа жалақысы 15 мың доллар болатын. Сондықтан ол клубтан Қазақстанға келетін футболшылар аз еді. Ал қазір жағдай өзгерді.Өйткені ел президенті Александр Лукашенко жалақыны азайтуды тапсырды.
Ең алғаш 2021 жылдың қаңтарында Беларусь футбол федерациясының атқарушы комитеті «Жоғары лига клубтарының қызметкерлері үшін ең жоғары тіркелген айлық жалақының, сыйақының және өзге де бонустардың лимиттері туралы» ережені бекітті. Жаңа ережеге сәйкес, чемпионатта 15 мың Беларусь рублінен жоғары жалақы төленбеу керектігі бекітілді. Бұл сол кездегі курспен 5,8 мың доллар еді. Оның өзі бәріне емес. Мұндай ақшаны тек Беларусь ұлттық құрамасының футболшыларына (ол үшін соңғы екі жылда ұлттық құрамадағы матчтардың кемі 50 пайызын ойнау керек) және әр клубтағы үш легионерге төлеуге рұқсат етілді. Сонымен қатар, әр клубтағы ай сайынғы жалпы командалық жалақы қоры 150 мың рубльден аспауы тиіс деген ереже бекітілді.
Енді 2022 жылдың желтоқсанында жалақыны қысқарту тіптен күшейтілді. Тек ұлттық құрамада ойнап жүргендерге ғана тиіспейді.Олар 6 мың долларға дейін жалақы алуына болады. Қалғандары айына 1600-2000 доллармен шектелуі тиіс. Сондықтан реті келсе, Беларусь футболшылары басқа чемпионаттардан өз бақтарын іздеуді жөн көріп жатыр. Әсіресе, Қазақстанға келетіндер көбейген.
Футбол инсайдері Айдын Қожахметтің мәліметінше, қазір елдегі 16 клубтың 13-інде Беларусь чемпионатында доп тепкен футболшы бар.
«Ордабасы»: Бобур Абдихоликов, Всеволод Садовский, Шахбоз Умаров, Дмитрий Бородин, Доминик Динга.
«Атырау»: Александр Нойок, Никита Степанов, Игорь Стасевич, Егор Хаткевич.
«Тобыл»: Игор Иванович*, Илья Васильев*, Ислам Чесноков, Иван Коновалов.
«Каспий»: Дмитрий Подстрелов, Георгий Бугулов, Алексей Залеский, Максим Плотников.
«Мақтаарал»: Жуниор Кабананга, Секу Думбия, Руслан Юденков.
«Астана»: Дембо Дарбо, Макс Эбонг, Камо Оганесян.
«Жетісу»: Руслан Теверов, Мурат Бураев, Павел Назаренко.
«Қызыл-Жар»: Евгений Березкин, Роман Степанов*.
«Шахтер»: Роджер Каньяс, Стефан Букорац.
«Оқжетпес»: Руслан Болов, Дмитрий Рыжук. «Ақтөбе»: Дмитрий Яшин.
«Қайрат»: Гүлжігіт Әліқұлов.
«Қайсар»: Сергей Бондаренко.