Италия футболындағы махинация. «Ювентус» 15 ұпайынан айырылды
Италия футболында тағы дау. Бұл жолы да жұрт назарында Туриннің «Ювентус» клубы. 2006 жылы жемқорлыққа байланысты чемпиондығынан В сериясына жіберілген. Ал биыл бұрынғы басшылық махинация жасады деп, 15 ұпайынан айырылды, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
Клубқа жалған капиталды өсірді деп айыпталып отыр. Атап айтқанда, ойыншылардың трансфер құнын асыра көрсету, қызметкерлер шығыны туралы толық мәлімет бермеу және ойыншылар жалақысының шынайы мөлшерін жасыру деген айыптар тағылған.
Клуб коронакризис кезінде балансты сақтадық деп көрсеткен. Шын мәнінде олай болмаған. Шығыны табыстан асып кеткен. Қазақстан футболында жиі әңгіме болатын конвертке салып ақша беру «Ювентуста» да жақсы дамыған екен. Пандемия ойыншылар жалақысынан бас тартты деген. Алайда оларға жалақыны конвертке салып төлеген. Соның өзінде Криштиану Роналду 19 миллион еуроны төлемеді деп, сотқа бермекші. Клуб пен футболшы арасында құпия келісім болған.
2022 жылдың қазан айында прокурорлар Аньеллидің (клубтың экс-президенті) барлық есепшотына бұғат салуды сұраған. Алайда сот шешімі сәтсіз болды. Сот капиталдың өсуі футболдағы қалыпты тәжірибе деп санады.
Тек қаңтар айында ғана «Ювентус» 15 ұпайынан айырылып отыр. Кешегі күнге дейін клуб үшінші орында болса, енді 10-сатыға түсіп қалды. Сөйтіп, «Лацио», «Рома», «Аталантадан» 12 ұпайға қалып тұр.
Массимилиано Аллегри шәкірттері қазан-қаңтар аралығында Италия чемпионатында суперсерия жасап еді. Қатарынан сегіз ойында қақпасына бірде-бір гол жібермей жеңіске жеткен.
Сосын бұрынғы топ-менеджерлері де жазалады. Фабио Паратичи (бұрынғы спорттық директор) екі жарымға шеттетілді. Андреа Аньелли (президент) пен Маурицио Арривабене (бас директор) екі жыл, Федерико Керубини (спорттық директор) 1 жыл 4 ай футболдан қол үзеді. Ең оңай жаза «Алтын доптың» иегері, «Ювентустың» жұлдызды ойыншысы болған Павел Недведке қолданылды. Ол соңғы жылдары вице-президент қызметін атқарған. Енді Недвед сегіз айға дейін ғана футбол саласында еңбек ете алмайды.