Елдос Сметов: Парижді тікесінен тік тұрғызған қазақ

Елдос Сметов: Парижді тікесінен тік тұрғызған қазақ
Дзюдо

Сали Сабиров

2012 жылғы Лондон Олимпиадасын теледидар алдында отырып тамашаладым. Ең алғашқы жарыс күнінде велошабандоз Александр Винокуров топтан озып шығып, төбемізді көкке жеткізген. Содан соң қазақ спортшыларының жолы ашылып, сол Олимпиадада алғашқы ондыққа кіре жаздағанымыз бар. Арада 12 жыл өткенде, Лондонның тап жанындағы Парижден ақжолтай жаңалық тарату бақыты бұйырыпты. Францияның қақ төрінде қазақ балуаны Елдос Сметов дзюдодан Олимпиада чемпионы атанды. Ол қазақтан шыққан 11-ші, дзюдодан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы еді. 

Елдос Сметовтің Парижге қалай барғанын білмейтін жан жоқ шығар. Дзюдошы 2022 жылғы әлем чемпионатында қола медаль алған соң, әлемдік жарыстарда көп көзге түспеді. Тіпті, ол олимпиадалық рейтингке де ілінбеуі мүмкін еді. Мамырдың басында өткен Астанадағы Grand Slam турниріндегі қола жүлде оған айтарлықтай ұпай сыйлады. Ал Абу-Дабидегі әлем біріншілігі біз күткендей нәтижелі болған жоқ. Елдосқа ең соңғы мүмкіндік елімізде өткен спаррингтік турнирде берілді. Ол өзінің ізін басқан екі інісі – Мағжан Шамшадин және Нұрқанат Серікбаевпен күресіп, Парижге бару құқығын жеңіп алған болатын.

Шыны керек, олимпиадалық циклді өте ауыр өткізген Сметовтен Парижде жүлде күткендер аз. Бірақ Елдос өзінің әлемдік деңгейдегі балуан екенін және спортта да, өмірде де мүмкін емес нәрсенің жоқтығын дәлелдеді. Сонымен, Сметовке алтын қалай келді? Париждегі Champ de Mars аренасында адам лық толы. Ашылу салтанатынан бері толастамай жауған жауын да жанкүйерге кедергі емес. Себебі, мұнда Олимпиада ойындары өтіп жатыр және Париж осы бір ғаламдық жарысты жүз жылдан соң қабылдауда. Күн райына бола мұндай доданы жіберіп алу әбестік болар еді. Оның үстіне, франциялық дзюдошылар әлем үздіктерінің қатарында. Екі иығынан демалған арена франциялық атлеттер татамиге шыққанда әндете жөнеледі. Әр жерден сол күні белдескен француздар Ширин Букли мен Лука Мхеидзенің суреттері де көзге шалынды. Көз шағылысар жарық пен қаптаған камера, жүргізушінің залды қуаттай түскен зор даусы... Мұның бәрін журналистер трибунасынан көрген менің жүрек қағысым жиілей берді.

Ал осындай қысымда, осындай деңгейде күресіп, жеңіп шығу үшін шынымен үлкен жүрек керек шығар?! Әлбетте, әрбір жарыстағы бірінші белдесу оңай өтпейді. Елдосқа тәжірибелі қарсылас түсіпті. Нидерландтық Торнука Чакадоны біздің балуан бұрын да ұтқан еді. Токио Олимпиадасының қоласын аларда тап осы жігіттен басым түскені бар. Одан бері үш жыл өтті, Елдос та бұрынғыдай жарқырап жүрмеген соң, көңілде күмән болғаны анық. Белдесу, расында, ауыр өтті. Екеуі де әдіске бармай, Торнука ескерту саны бойынша жеңілді. Содан соң Сметов украиналық Ділшод Халматовты солға қарай айналдырып, «ваззаримен» ұтты. Белдесу мерзімінен бұрын аяқталған соң, қазақ балуаны өзінің ең әккі қарсыластарының бірі – тайпейлік Янг Вейді жеңді. Дәл осы жекпе-жек бізді біраз алаңдатқаны рас.Тайпей өкілі әлемдік рейтингте бірінші орында тұр, Токио ойындарының финалында ұтылып, ғаламдық жарыстардан жүлдесіз қайтпаған. Елдосты жеңген кездері де көп. Бірақ бұл жолы бүкіл ғалам Сметовтің алтын алуын тілегендей.

Айбынды қарсылас тағы да «ваззаримен» ұтылып, Сметов жартылай финалға шықты. Ақтық сынға өтуге бір қадам қалды, ал мен үшін кезекті қарсылас Франсиско Гарригостың келбеті де, атағы да айбарлы көрінбеді. Жо-жоқ, испандық нашар балуан емес, әйгілі Наохиса Такатоны жеңіп, әлем чемпионы атанған. Бірақ сол белдесу алдында Гарригостың дидарынан айбын көрмедім, кездесуге шығар алдында-ақ жеңілгендей әсер қалдырды. Ал Елдостың татамиде жатып-ақ, қарсыластың қолын қайырып, таза жеңгені залға жиналған қазақ жанкүйерлерінің еңсесін бір көтеріп тастады.

Финалға келер болсақ... Ақтық сын біз күткендей қарқынды басталған жоқ. Қарсыластар да таразыда алтынның тағдыры тұрған соң, байыппен қимылдап, бір-бірінің қателігін күткендей... Бала күнінде соғыс салдарынан отанын тастап, бас сауғалауға мәжбүр болған гүржі балуаны Мхеидзені француздар жатсынбапты. Зал толы жанкүйер Лукаға жігер беріп, оның әрбір әрекетін ду қол шапалақпен іліп әкетіп отыр.


Оның үстіне, Франция президенті Эммануэль Макронның өзі Мхеидзеге жанкүйер болып, аренаға арнайы келді. Сол сәтте төрешілер татами иесіне, президенттің өзі қолдап отырған Олимпиада қожайынына бүйрек бұра ма деген қорқыныш та қылаң берді. Бірақ Елдостың өте жеңіл әрі өзіне тым сенімді қимылдағаны біздің қорқынышымызды сейілтіп жіберді. Ал әдіс жасалған сәтті төрешілер экраннан қайта қараған кезде бір ұпайдың кімге берілерін білмей, абдырап қалғанымыз рас. Ваззари Елдостікі екен! Алтын Сметовке бұйырды! 1980 жылдан кейін алғаш рет жекпе-жек түрлерінен қазақ балуаны Олимпиаданы бағындырды! Елдос Сметов – Олимпиада чемпионы!

«Рио Олимпиадасының алдында Жақсылық Үшкемпіров атам ақ батасын беріп, өзінің қасығынан тамақ асатып еді. «Менің жолымды берсін, сен чемпион болатын баласың», - дегені де әлі есімде. Жақсылық атамыздың бұл жеңісті көрмей кеткені өкінішті, өмір болған соң, тағдырға көнеміз. Бұл менің соңғы Олимпиадам екенін білдім. Артымда келе жатқан інілерім бар. Сол үшін, соңғы мүмкіндікті пайдалануға барымды салдым. Медальді де, жауапкершілікті де ойламадым. Тек қана күрестім!», - деді жарыс соңында сұхбат берген Сметов.

Бұл күні Champ de Mars аренасында қуанбаған қазақ қалмады. Елдоспен бірге егіліп әнұран айттық, көк туымызды қалағанша сүйдік, Еуропаның ең әміршіл елінде қазақ екенімізді қуана хабарладық. Өз балуандары жеңілсе де, француз жанкүйерлері Сметовтің алдында бас иді. Залдағы диктор айбарлы үнмен Елдос Сметовті Олимпиада чемпионы деп жариялап, балуанымыз тұғыр биігіне көтерілгенде көз алдыма Жақсылық атамыз орала берді...

Көп ұзамай ресми баспасөз мәслихаты өтіп, Елдос шетелдік журналистер сұрағына жауап берді. Қалың журналист жиналған залда әйгілі Наохиса Такато да отыр екен. Татамиде талай мәрте алысып, талай мәрте Елдосты жеңістен қақса да, жапон жампозының біздің батырға деген құрметі ерекше екен. «Елдос мықты балуан! Ғажап балуан! Ол үшін қуаныштымын», - деді маған. Ал жиын аяқталып, ел тарқай бастағанда Сметов Такатоны қасына шақырып алды. Такато да Елдос отырған мінбеге секіре мініп, батырлар қуана жүздесті. Содан соң екі мықты Елдостың алтын медалін ұстап, жүздері бал-бұл жайнап, жалт-жұлт еткен камералар алдында жарқырап суретке түсті. Токио мен Париж Олимпиадасы 

Бас серіктес – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ

Серіктес – Sport Qory спортты қолдау қоры


Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ,

арнайы Парижден