2024 жылдың басты спорттық жарыстары

2024 жылдың басты спорттық жарыстары
Футбол

2024 спорттық аламанға толы жыл болмақ. Ал ең басты дода Париж олимпиадасы екені сөзсіз. Спортшыларды Франция астанасына аттану жолында талай әлемдік сын күтіп тұр. Бұдан бөлек те көптеген турнир бар. Ал алдағы аптада жасөспірімдер Олимпиадасы басталады.

Жасөспірімдер арасында IV қысқы Олимпиада ойындары

Өтетін уақыты: 19.01 – 02.02

2024 жылы 19 қаңтар-1 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясында жасөспірімдердің IV қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Бұл сында 15-18 жас аралығындағы 1900 спортшы бақ сынайды. Олар жеті спорт түрінен 81 жүлдені сарапқа салады. Қазақстан бұған дейін өз тарихында 2 күміс, 5 қола жүлде иеленген.

ХХХІІІ жазғы Париж Олимпиадасы

Өтетін уақыты: 26 шілде - 11 тамыз

Өтетін жері: Париж, Франция

Жылдың басты жарысына алты айдан астам уақыт қалды. Құрама қоржынында әзірге сегіз спорт түрінен 17 лицензия (садақ ату, велошоссе, оқ ату, қазіргі бессайыс, грек-рим күресі, еркін күрес, спорттық гимнастика және бокс) бар. Министрлік бұл межені 90-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Төрт жылдықтың жарысында спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 20 түріне қатысуды жоспарлап отыр.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары

Өтетін уақыты: 11-18 қыркүйек

Өтетін жері: Астана, Қазақстан

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында елімізге әлемнің 100-ден астам елінен делегация келеді деп күтілуде. Ойындардың бірегейлігі – спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламалардың ұштасуында. Бағдарламаға 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрі кіріп, 110 медаль жиынтығы ойнатылады.

Жарыс ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құстармен аң аулаудың түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді. Қазіргі уақытта дүбірлі додаға қатысатын спортшылардың тізімі, 2024 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесіне кіретін спорт түрлері бойынша жарыстардың тізбесі бекітілді. Ойындарға дайындық шеңберінде Ұлттық құрама командалардың спортшылары 2024 жылғы қаңтардан бастап 13 халықаралық, 39 жергілікті оқу-жаттығу жиындарына және 17 республикалық және 23 халықаралық жарысқа қатысады.

Футболдан Еуропа чемпионаты

Өтетін уақыты: 14 маусым - 14 шілде аралығы

Өтетін жері: Германия

Бір айға жалғасатын футбол аламанының қатысушылары әлі толық анықталған жоқ.

Топтық кезеңдерден тікелей жолдама алған құрамалар: Германия, Франция, Португалия, Бельгия, Испания, Шотландия, Түркия, Австрия, Англия, Венгрия, Словакия, Албания, Дания, Нидерланд, Швейцария, Румыния, Сербия, Италия, Чехия, Словения және Хорватия. Тағы үш қатысушы Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі бойынша анықталады. 

Жолдамаға 12 құрама таласады: Польша, Эстония, Уэльс, Финляндия, Украина, Исландия, Израиль, Босния, Грузия, Люксембург, Грекия, Қазақстан).

Қазақстан футбол құрамасы Еуро-2024 турнирінің финалдық кезеңінде өнер көрсету үшін сырт алаңда Грекиямен жолығады. Еуропа біріншілігіне тікелей жолдама алу мүмкіндігінен айырылған Магомед Адиев шәкірттері наурызда Ұлттар лигасы аясында Грекиямен өзара кім мықтыны анықтайды. Сонан соң Грузия/Люксембург матчында жеңіске жеткен құрамамен кездеседі. Естеріңізде болса, құрама Словениядан сырт алаңда ұтылып, жолдамадан соңғы сәтте айырылған болатын.

Хоккейден әлем чемпионаты

Өтетін уақыты: 10-26.05

Өтетін жері: Чехия

Хоккейден Қазақстан құрамасы элиталық дивизионда осымен төртінші рет бақ сынайды. Ең бастысы, құрама сапында жастар көп, тіпті турнирге қатысқан құрамалардың арасында да біздің жігіттер ең жасы болды. Сөйте тұра Словакия, Норвегия және Словения құрамаларын жеңді. 2024 жылғы әлемдік біріншіліктің элиталық кезеңінде Қазақстан 11 мамырда Франциямен кездессе, келесі күні Словакиямен өзара кім мықтыны анықтайды.

14 мамырда – Латвия, 16 мамырда Швециямен кездесу күтіп тұр. Сонымен қатар 17 мамырда – Германиямен, 19 мамырда – АҚШ-пен, 20 мамырда Польшамен ойнайды.

Өз тобында соңғы – 8-орын алған құрама бірінші дивизионға аттанады.

Футзалдан әлем чемпионаты

Өтетін уақыты: 14 қыркүйек – 6 қазан

Өтетін жері: Ташкент, Өзбекстан

Күзде футзалдан кезекті әлем чемпионатында ұлттық құрама чемпиондық атаққа таласады. 2021 жылы Литвадағы додада жерлестеріміз үздік төрттіктің қатарына кірген болатын. Іріктеу кезеңінде бес ойынның бесеуінде жеңіске жеткен Кака шәкірттері әлем чемпионатына мерзімінен бұрын жолдама алған болатын. Енді Ташкентте де жүлдегерлер қатарынан көрінеміз деген үміт зор.

Авторы: Мадина Асылбек