Жозе Моуринью Бразилия құрамасынан бас тартты

Жозе Моуринью Бразилия құрамасынан бас тартты
Футбол

Футболдан Бразилия ұлттық құрамасының Катарда өткен әлем чемпионатының ширек финалында Хорватиядан жеңіліп, жарыс жолын аяқтағаннан кейін, бас бапкер Тите қызметінен кеткені белгілі. Содан соң Бразилияның футбол федерациясы ұлттық құраманың тізгінін шетелдік маманға беруді жоспарлап, оған басты үміткер Жозе Моуринью болған, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

Алайда шетелдік басылымдардың мәліметінше, португалиялық маман Бразилия құрамасы тізгінін ұстаудан бас тартқан. Бұған дейін Моуринью "Портудың" бас бапкері болған кезде оның шәкірті болған Карлос Альберто 59 жастағы маманның Бразилия құрамасы бапкерлері қатарына қосылатынын мәлімдеген. Егер бұл айтылған нәрсе шындыққа айналғанда, Жозе Моуринью бапкерлік мансабында тұңғыш рет ұлттық құрама тізгінін қолына алушы еді. Әйтсе де, бапкер ұсыныстан бас тартып, "Романы" жаттықтыра беретін болды. 

2022 жылы Моуринью жаттықтыратын италиялық "Рома" Конференция лигасының жеңімпазы атанған. Бүгінде клуб Еуропа лигасының 1/16 финалына шықса, А сериясының турнирлік кестесінде алтыншы орында тұр.