"Барыс" қатарынан екінші рет "Адмиралдан" жеңілді
"Барыс" - "Адмирал". Сурет: "Барыс" ХК баспасөз қызметі
Құрлықтық хоккей лигасы тұрақты маусымы аясында өз айдынындағы соңғы матчында астаналық "Барыс" Владивостоктың "Адмирал" командасынан жеңілді, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
Екі команда осыдан екі күн бұрын Владивостокта кездесіп, онда айдын иелері 6:2 есебімен жеңіске жеткен. Астанадағы матчта қазақстандық команда Тайс Томпсонның көмегімен алғаш болып есеп ашқанымен, "Адмирал" бірінші кезеңнің соңына дейін таразы басын теңестірді. Екінші жиырма минуттықтың басында ресейлік ұжым есепте алға шықса, кезең ортасында тағы бір шайба соқты. Матчтың шешуші бөлігінде "Адмирал" есепті 1:5-ке жеткізсе, "Барыс" оған тек Әлихан Әсетовтің голымен ғана жауап бере алды. Ойын соңына қарай "Адмирал" бос қақпаға шайба соғып, өткен жұмада Владивостокта тіркелген есепті қайталады - 2:6.
"Барыс" - "Адмирал" - 2:6 (1:1, 0:2, 1:3)
1:0 - 04:40 - Томпсон (Мұратов, Уиллман)
1:1 - 16:48 - Олсон (Основин, Завгородний)
1:2 - 22:21 - Ефремов (Старков, Чезганов)
1:3 - 28:02 - Сошников (Солянников, Ефремов)
1:4 - 46:54 - Олсон (Основин, Завгородний)
1:5 - 52:42 - Чезганов (Шепелев)
2:5 - 53:29 - Әсетов (Уолш, Веккьоне) СБШ
2:6 - 59:50 - Тимашов (Усманов) БҚ
Қақпашылар: Бояркин - Кульбаков
Қазіргі таңда "Барыс" қоржынындағы 53 ұпаймен Шығыс конференциясында оныншы орында тұр. Астаналық ұжым маусымдағы соңғы ойынын 20 наурызда сырт айдында "Сібірге" қарсы өткізеді.