«Семей» пенальти сериясында «Қайратты» жеңіп, финалдағы есепті теңестірді
фото: «Семей футзал клубы»
Қазақстан футзал чемпионатының финалдық сериясындағы екінші кездесуде «Семей» өз алаңында алматылық «Қайратты» пенальти сериясында жеңіп, жалпы есепті теңестірді, деп хабарлайды Bassport.kz.
Кездесу қарқынды басталып, алаң иелері алтыншы минутта Ержан Карменовтың дәл соққысының арқасында алға шықты. Алайда 13-минутта Атирсон Оливейра таразы басын теңестірді. Бірінші тайм аяқталуэар сәтті Дедезиньо Андерсон «Семейді» қайтадан алға шығарды.
Матч соңына дейін басымдықты сақтап тұрған семейліктер жеңіске жақын еді. Дегенмен ойынның аяқталуына небәрі 52 секунд қалғанда Ромуло есепті теңестіріп, матчты қосымша уақытқа ұластырды – 2:2.
Экстра-таймда екі команда да жеңіс голын соғуға мүмкіндік алды. Бірінші қосымша таймда «Семей» пенальти орындау мүмкіндігіне ие болғанымен, Кандидо қарсылас қақпашысын қапы қалдыра алмады.
Жеңімпаз матчтан кейінгі пенальти сериясында анықталды. Бұл жолы «Семей» 6:5 есебімен жеңіске жетті.
Енді финалдық серия Алматыға ауысады. Үшінші және төртінші кездесулер 25 және 26 маусым күндері өтеді. Қазақстан чемпионы үш жеңіске дейінгі серия қорытындысы бойынша анықталады. Егер төрт ойыннан кейін есеп тең болса, шешуші бесінші матч 30 маусымда Семейде ұйымдастырылады.