«Қайрат» футзал клубы 3 бразилиялық ойыншымен толықты
«Қайрат» футзал клубы
«Қайрат» футзал клубы жаңа маусым алдында құрамын айтарлықтай күшейтіп, трансферлік нарықта белсенділік танытты. Клубтың баспасөз қызметі мәлім еткендей, алматылық ұжым Бразилиядан үш футзалшыны қатарға қосты, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңадан келген 24 жастағы қақпашы Бруно Томаселли бұған дейін өз отанында «Атлетико Пиауиенсе» командасының намысын қорғаған. Өткен маусымда ол өз клубы үшін 20 ресми кездесу өткізіп, қақпашы болғанына қарамастан, бір гол соғып үлгерген. Ол «Қайрат» сапында ол 33-ші нөмірлі жейдемен өнер көрсетеді.
Екінші ойыншы Жоау Педро Испанияның «Альзира» (Alzira FS) клубынан ауысып келді. Тәжірибелі футзалшы алматылық ұжымда 5-ші нөмірді таңдады.
Ал шабуыл шебін күшейтуге шақырылған 22 жастағы Луис Камило – Бразилия жастар құрамасының бұрынғы ойыншысы. Жас әрі шапшаң ойыншы бұған дейін отанында танымал ACBF клубында доп тепкен. «Қайрат» сапында оған 45-ші нөмір бұйырды.
Бұл легионерлер алдағы уақытта команданың ішкі біріншілік пен Чемпиондар лигасындағы мақсаттарына жетуіне көмектеспек.