«Қазақстан Барысы – 2026» жеңімпазы белгілі болды

«Қазақстан Барысы – 2026» жеңімпазы белгілі болды
Жекпе-жек

Qazaqstan Barysy

Астанада қазақ күресінен дәстүрлі «Қазақстан Барысы – 2026» республикалық турнирі аяқталды, деп хабарлайды Bassport.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Биылғы доданың бас жүлдесін Маңғыстау облысының өкілі Жантілек Нұртілепұлы жеңіп алды. «Лабақ батыр» лақап атымен сынға түскен Жантілек Нұртілепұлы үшін бұл «Қазақстан Барысы» турниріндегі алғашқы өнер көрсетуі болды. Соған қарамастан, жас балуан тәжірибелі қарсыластарын жеңіп, дебютінде-ақ алтын белбеуді иеленді. 

Финалда тәжірибелі чемпионды жеңді Жартылай финалда Жантілек Нұртілепұлы Қостанай облысының өкілі, Қазақстан Республикасының спорт шебері Алмас Жұмағалимен белдесті. Маңғыстаулық балуан қарсыласынан басым түсіп, финалға жолдама алды. 

Екінші жартылай финалда Жамбыл облысының өкілі Ғалымжан Қырықбай Шымкент қаласының балуаны Нұрсұлтан Қожагелдіұлын жеңді. Осылайша шешуші белдесуде Жантілек Нұртілепұлы мен Ғалымжан Қырықбай кездесті. Ғалымжан Қырықбай — «Қазақстан Барысы – 2023» турнирінің жеңімпазы әрі жарыстың тәжірибелі балуандарының бірі. Тартысты өткен финалда Жантілек Нұртілепұлы қарсыласын жеңіп, мансабында алғаш рет «Қазақстан Барысы» атағына қол жеткізді. 

Қола жүлде Шымкентке бұйырды

Үшінші орын үшін белдесуде Шымкент қаласының өкілі Нұрсұлтан Қожагелдіұлы мен қостанайлық Алмас Жұмағали күш сынасты. Нәтижесінде Нұрсұлтан Қожагелдіұлы жеңіске жетіп, турнирдің қола жүлдегері атанды. Осылайша «Қазақстан Барысы – 2026» жүлдегерлері:

1-орын – Жантілек Нұртілепұлы (Маңғыстау облысы);

2-орын – Ғалымжан Қырықбай (Жамбыл облысы);

3-орын – Нұрсұлтан Қожагелдіұлы (Шымкент қаласы).

Жеңімпазға 15 миллион теңге табысталды Турнир чемпионы Жантілек Нұртілепұлына алтын белбеу, ауыспалы «Тайтұяқ» кубогы және 15 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық табысталды. Күміс жүлдегер Ғалымжан Қырықбай 3,5 миллион теңге, ал қола жүлдеге ие болған Нұрсұлтан Қожагелдіұлы 1,5 миллион теңге сыйақы алды. Жантілек Нұртілепұлы биылғы турнирдің ең жас қатысушыларының бірі болды. Оның алғашқы қатысуында-ақ елдің таңдаулы балуандарын артқа тастап, алтын белбеуді жеңіп алуы «Қазақстан Барысы – 2026» додасының басты оқиғаларының біріне айналды. 

Айта кетейік, «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі алғаш рет 2011 жылы ұйымдастырылған. Биыл қазақ күресінің үздіктерін бір кілемде тоғыстыратын айтулы додаға 15 жыл толды.