"Барыс" "Автомобилистке" қарсы болар ойынның аңдатпасын жариялады

Хоккей

Құрлықтық хоккей лигасының  тұрақты маусымы аясында «Барыс» пен «Автомобилист» командалары өзара төртінші рет кездеседі, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

Командалар бір-бірімен соңғы рет үш күн бұрын ойнады.Екатеринбургте өткен сырт айдындағы матчта «Барыс» екі рет екі шайба басымдығымен алда болғанымен, жеңіс алаң иелерінің еншісінде қалды (4:3 ОТ). Дубль жасап, қосымша бес минутта маңызды жеңіс шайбасын соққан Ник Эберт матчтың үздік ойыншысы атанды.

«Автомобилист» Шығыс конференциясы көшбасшысы атағын сақтап қалып отыр. Николай Заварухиннің командасы 35 кездесуде 51 ұпай жинаған. Соңғы бес кездесуде ұпай жинап келе жатқан Стефан Да Коста (12+27) әріптесі Брукс Мэйсекті (24+14) Лиганың үздік бомбардирлері тізімінде екінші орынға түсіріп тастады. Қорғаушы Ник Эберт соңғы жеті кездесуде нәтижелі өнер көрсетіп келеді. Жарақат алғандар тізімінде өзгеріс жоқ - шабуылшылар Анатолий Голышев, Патрис Кормье мен Алексей Макеев бүгінгі кездесуге қатыспайды.

«Автомобилисттен» жеңілген «Барыстың» Челябі облысына жасаған сапары сәтті болды. Қазақстандық клуб «Тракторды» сенімді жеңіп (4:1), жеңілістер сериясын үзді. Михаил Рахманов (маусымдағы алғашқы шайбасы), Әділ Бекетаев, Алекс Грант («Барыс» сапындағы бірінші голы) пен Никита Михайлис соғылған голдардың авторы атанды. Дмитрий Гурков маусымдағы алғашқы нәтижелі пасын берсе, Юлиус Гудачек қақпасына бағытталған 26 соққыны кері қайтарған. Андрей Скабелка команданың жеңіске жетуге деген құлшынысы зор болғанын атап өтті. «Барыс» 37 кездесуде 33 ұпай жинаған.

Бүгінде команда Шығыс конференциясында сегізінші орында тұр. Астаналық команданың үздік сұрмергені Линден Вей (13+9) соңғы бес кездесудің екеуінде ғана ұпай еншіледі. Матч Астана уақытымен 19:30-да «Барыс-Арена» мұз сарайы айдынында басталады. Ойынның тікелей көрсетілімін BasSport сайтының «Трансляциялар» бөлімінен көруге болады.