Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі мансабы туралы қауесет тарады

Tengrinews.kz / Турар Казангапов
Ресейлік Telegram-арналарда қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың UFC-ден кететіні жайлы ақпарат тарады.
Алайда спортшының командасы бұл мәліметті растаған жоқ. Оның айтуынша, командада мұндай тақырып қозғалмаған, спортшының тарапынан да ешқандай шағым жоқ. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі ресми аккаунттарында Шавкаттың әлі де жаттығу жасап жүрген видеолары жарияланды. Еске сала кетейік, Рахмонов UFC-де соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында жекпе-жек өткізіп, ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген еді. Мамыр айында файтерге менискіне ота жасалды. Қазіргі уақытта ол қайта қалпына келу үстінде.
Сарапшылардың болжамынша, қазақстандық спортшы жарақатына байланысты октагонға биыл шықпайды. Ал UFC-дегі болашағына қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасалған жоқ.