Тимоти Брэдли: «Жәнібек Кроуфордқа ең қауіпті қарсылас»

Тимоти Брэдли: «Жәнібек Кроуфордқа ең қауіпті қарсылас»
Бокс

instagram/janibek_alimkhanuly

АҚШ-тың бұрынғы әлем чемпионы, қазіргі бокс сарапшысы әрі комментатор Тимоти Брэдли қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен америкалық Теренс Кроуфорд арасындағы мүмкін жекпе-жек туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz. 

— Жәнібек – жеңіл-желпі қарсылас емес. Ол Кроуфорд үшін өте ауыр қарсылас болар еді. Екі боксшының рингке шығуы қисынға келмейді. Қазақ спортшысының жылдамдығы, күші, бойы мен бокс IQ-ы бар. Жәнібек қорғаныста да, шабуылда да мықты. Аяқпен жақсы жұмыс істейді, екі қолымен де кез келген бұрыштан қатты соққы жасай алады. Ол – нағыз «қопарушы». Егер Кроуфорд пен Жәнібек кездессе, бұл керемет шоу болар еді, – деді Брэдли өзінің YouTube-арнасында. 


Сарапшының айтуынша, алдағы бір жарым жылда Әлімханұлы орта салмақта барлық белбеулерді біріктіру мүмкіндігіне ие болуы ықтимал.

– Мысалы, Кроуфорд орта салмаққа түсетін болса... Жақында Жәнібектің Ларамен айқасы өтетіні жарияланды. Ол жеңсе, үш белбеуді иеленеді, сосын тек Адамес қалады. Сол кезде Жәнібектің төрт титулды жинап, абсолютті чемпион атануға мүмкіндігі бар. Ал Кроуфорд сол кезде тағы бір тарихи жекпе-жек өткізе алады, – деп атап өтті Брэдли.

Айта кетейік, өткен айда Теренс Кроуфорд екінші орта салмақта мексикалық Сауль «Канело» Альваресті жеңіп, абсолютті чемпион атағына қол жеткізген болатын. Осылайша, Жәнібек пен Кроуфордтың мүмкін айқасы бокс жанкүйерлері үшін үлкен қызығушылық тудырып отыр.