Елордада үстел теннисінен Президент кубогы басталды

Елордада үстел теннисінен Президент кубогы басталды
Теннис

Туризм және спорт министрлігі

Бүгін Астанада жүлде қоры 300 мың АҚШ долларын құрайтын WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup халықаралық үстел теннисі турнирі басталды, деп хабарлайды Bassport.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

15-20 қыркүйек аралығында өтетін додаға әлемнің 29 елінен 160-қа жуық спортшы қатысады. Жарыстар Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Биыл Президент кубогы алғаш рет World Table Tennis халықаралық жүйесіндегі WTT Star Contender санатында ұйымдастырылып отыр. Бұл санаттағы турнирлер әлем бойынша санаулы ғана өткізіледі.

Астанаға әлемдік үстел теннисінің бірқатар танымал өкілдері келді. Олардың қатарында 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері қытайлық Фанг Бо, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы мысырлық Омар Ассар, француз Алексис Лебрун, германиялық Дмитрий Овчаров, Данг Цю мен Патрик Франциска, словениялық Дарко Йоргич бар.

Әйелдер арасында қытайлық Ван Йиди, жапониялық Миу Хирано, Сацуки Одо мен Хонока Хасимото, пуэрто-риколық Адриана Диас және үндістандық Маника Батра секілді белгілі спортшылар өнер көрсетеді. Қазақстан атынан үй турниріне 35 спортшы қатысады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай деңгейдегі жарыс отандық теннисшілерге әлемнің үздік спортшыларымен бәсекеге түсіп, халықаралық тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Негізгі кезең 17 қыркүйекте басталады. Одан кейін ширек финал және жартылай финал кездесулері өтеді. Ал чемпиондар 20 қыркүйекте анықталады.