Қазақстандық боксшы Эр-Риядтағы бокс кешінде қарсыласын нокаутпен жеңді
Видеодан алынған скрин
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен бокс кешінде қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа түсіріп, кезекті жарқын жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Екінші орта салмақта жеңіліс көрмеген қазақстандық боксшы бұл жолы жартылай ауыр салмақта жұдырықтасып, мексикалық қарсыласымен кездесті.
Жекпе-жек Эр-Риядтағы «Kingdom Arena» спорт кешенінде ұйымдастырылған «Мексика әлемге қарсы» атты бокс шоуының аясында өтті.
Кездесудің алғашқы секундтарынан-ақ Нұрмағанбет басымдықты өз қолына алды. Ол қарсыласын қуып, асығыс шабуылдаудың орнына ауыр джебтермен жұмыс істеп, мексикалық боксшыны қорғануға мәжбүр етті.
Бірінші раундтың ортасына қарай қазақстандық боксшы дәл соққылар сериясын өткізіп, қарсыласын нокдаунға жіберді. Мексикалық спортшы орнынан тұрғанымен, Нұрмағанбеттің қарқынына төтеп бере алмады.
Раунд аяқталар тұста Бек бірнеше жойқын соққыдан тұратын комбинация жасап, қарсыласын ауыр нокаутқа түсірді. Төреші есеп ашпай, жекпе-жекті бірден тоқтатты. Нокауттан кейін мексикалық боксшыға медициналық көмек көрсетілді.
Осылайша, Бек Нұрмағанбет кәсіпқой рингтегі 17-ші жеңісіне жетіп, оның 15-ін мерзімінен бұрын аяқтады. Қазақстандық спортшы әлі күнге дейін жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ.