Лас-Вегаста кімнің бағы жанады?

Қазанның бірінен екісіне қараған түні Лас-Вегастағы UFC Apex аренасында жекпе-жек кеші өтеді. UFC Вегас 61 турнирінің басты жекпе-жегінде өз салмағының бесінші және алтыншы нөмірлі спортшылары Маккензи Дерн мен Ян Сяонянь титулға үміткер болуға таласады. Жалпы жарыста 12 кездесу өтеді деп жоспарланған. Біз әдеттегідей кардтағы қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс жауынгерлер мен қызықты жекпе-жектерді талдап көрелік.

Бірнеше жыл бұрын турнирдің басты кездесуінде өнер көрсетіп жүрген Алексей Олейник андеркардты жабады дегенге сенер ме едіңіз? Алайда бұл шау тартқан атлеттің рейтингі түсіп кетті деген сөз емес. Ол басты лигада үнемі ортадан жоғары деңгейде өнер көрсетіп келген. Бірақ бүгінгі әңгіме оның абыройы туралы емес. Ресеейлік алыптың бұл жолғы қарсыласы швед Илир Латифи.

45-тегі Алексейден алты жас кіші. Енді екі жауынгердің артықшылығы мен кемшілігіне тоқталсақ. «Әбжылан» ауырту әдістерінің хас шебері екені баршаға мәлім. Тіпті бір сабмишенді жанкүйерлер Олейниктің атымен атап жүр. Тік тұрып төбелесуден де құр алақан емес. Алайда қарсыласты жығып алып, әдіс қолданғанды жақсы көреді. Жасы келген атлеттің жарақаты көптігі де бар. Соңғы кездесуінде 30 жасар Джареда Вандераны бірінші раундта қылқындыру әдісімен жеңді. Жалпы 77 жекпе-жек өткізіп, оның 60 бағы жанған әккі спортшы. Ал оның қарсыласының тәжірибесі салыстырмалы түрде аздау. Үздік лигада швед 8 рет жеңіп, 6 рет жеңілген. 39 жастағы спортшы жақсы деңгейдегі қарсыластарға жол беріп жүр. Соңғы кездесуін былтыр маусымда өткізіп, Таннер Босерді төрешілер шешімімен ұтты. Жас кезінен күреспен айналысқан Латифи партерде өзін еркін сезінгенмен, тік тұрып төбелесуден қашқақтайды. Алдағы жекпе-жекте күрес шеберлерінің жердегі шахматы болуы ықтимал. Екеуі де тіс қаққан грепплер болғанмен, ресейліктің бұл компонентте тәжірибесі көптеу. Оның үстіне ауырту мен қылғындыру әдістерінен сақтанған швед сасқалақтап, қателік жіберіп қоюы мүмкін. Сондықтан Алексейдің кішігірім фаворит болуы заңды. Алайда жекпе-жек созылып кетсе тез шаршайтын ресейлік болдырып қалуы да мүмкін.

Басты кардты америкалық Майк Дэвис пен тағы бір ресейлік Вячеслав Борщев ашады. 29 жасар АҚШ спортшысы кәсіби мансабын 2007 жылы бастағанмен, UFC-ге келгеніне көп болған жоқ. Алайда басқа лигаларда жасындай жарқылдап жүрді. Үздік промоушенде 11 жекпе-жек өткізіп, оның тоғызын өз пайдасына шешкен. Соңғы кездесуінде мығым Мэйсон Джонсонды ұтты. Партерде өзін жайлы сезінгенмен, тік тұрып төбелесте өзіне сенімді емес.

Ал оның қарсыласы керісінше кикбоксинг шебері. Ресейлік жауынгер де аса тәжірибелі спортшылар қатарында. Үздік лигада сегіз кездесу өткізіп, алтауында жеңіс тойын тойлаған. Соңғы кездесуінде Марк Диакеззиге ұпай санымен есе жіберді. Соққылары жойқын, төзімді спортшы болғанымен, белдесуге әлсіз. Осыны есепке ала отырып, америкалық қарсыласын бірден алып соғуға тырысатыны сөзсіз. Алайда ресейлік те күрестен бір адамдай қорғана алады. Сондықтан фаворитті атау оңай емес. Бірақ жекпе-жек ұзаққа созылатыны анық.

Одан кейінгі қызық жекпе-жек тәжірибелі Содик Юссуф пен лига дебютанты Дон Шайнис арасында өтеді. 29 жастағы нигериалық файтер үздік лигада бес рет жеңіп, бір рет қана жеңілген. Рейтингте 12 болып тұр. Боксты жоғары деңгейде меңгерген. Алыс және орта қашықтықта жойқын соққылар жұмсап, қарсыласын есінен тандыра алады. Оған жекпе-жектерінің тең жартысын нокаутпен аяқтағаны дәлел бола алады. Ал оның оппоненті Дон Шайнис 31 жаста. Кәсіби мансабында 12 рет жеңіп, үш рет жеңілген. Ол да тік тұрып төбелескенді ұнатады. Алайда әккі қарсыласына бәлендей қарсылық көрсете қоюы екіталай. Сондықтан сенсация болады дей қою қиын. Бұл жерде Содик сөзсіз фаворит. Алайда жойқын соққылы спортшылардың жекпе-жегінде бәрі болуы мүмкін.

Кеш соңында шаршы алаңға Рэнди Браун мен Франциско Триналдо шығады. Ямайкалық жартылай орта салмақ дәрежесіндегі спортшылардан әлдеқайда ірі. Бойы 191, құлашы 198 см. Жекпе-жегін уақытынан бұрын аяқтауға тырысатын жауынгер. Қазір қатарынан үш кездесуден тұратын жеңіс сериасының иегері. Жалпы кәсіби рекорды 15-4.

Ал 44 жастағы Франциско Триналдо болса кәсіби мансабында нокаутқа түсіп көрмеген мығым спортшы. Соңғы бес жекпе-жектің төртеуін жеңген. Олардың барлығы төрешілер шешімімен аяқталды. Қарсыластардың екеуі де өте төзімді, әмбебап спортшылар. Рэнди Браун жекпе-жектің басында кездесуді жылдам аяқтауға тырысып көруі мүмкін. Алайда бразилиялық жауынгерді деңгейі жоғары қарсыластарының өзі уақытынан бұрын жеңе алмады. Соған қарағанда жекпе-жек ұзаққа созылып, Франциско Триналдо ұпай санымен жеңуі мүмкін.

Кештің басты кездесуінде Маккензи Дерн мен Ян Сяонянь өзара кім мықтыны анықтайды. Бесінші нөмірлі спортшының кәсіби рекорды 12-2. Джиу-джитсу шебері болғандықтан қарсыластарын партерде жеңуге құмар. Уақытынан бұрын жеңген 7 жекпе-жегінде де сабмишен қолданған. Бірақ соңғы кезде ұпай санымен ұтып жүр. Бұны қарсыластарының деңгейі өскенімен түсіндіруге болады. Тэйкдауннан нашар қорғанғанымен, өзі де бірден қарсыласын жығып алуға тырысады. Ян Сяонянның кәсіби рекорды 15-3. UFC-де 6 рет жеңіп, 2 рет жеңілді. Бұл оның соңғы жекпе-жектері еді. Тік тұрып төбелеудің шебері болғанмен, жойқын соққысы болмаған соң көбіне жекпе-жектері ұзаққа созылады. Сондықтан кештің басты оқиғасы тартысты өтеді деуге болады. Әр түрлі мектеп өкілдері бір-бірінің осал түсын табуға тырысады. Алайда жекпе-жек жылдам аяқталады деуге келмес. Әдетте бес раундтық кездесулердің алғашқы бөліктерінде спортшылар күшін кейінге сақтап, баяу бастайды. Оның үстіне қыздардың екеуіне де рейтингтегі орны маңызды болғандықтан аса бір тәуекелге бармай, аңдысып бағуға тиіс. Маккензи Дернді аздаған фаворит санауға болады. Себебі ең жеңіл салмақта нокауттан гөрі сабмишеннің ықтималдығы жоғары.
Серік Селеубайұлы