«Бокс үшін ұят жағдай»: Хамза Шираз Әлімханұлымен жекпе-жектен бас тартуы мүмкін бе

«Бокс үшін ұят жағдай»: Хамза Шираз Әлімханұлымен жекпе-жектен бас тартуы мүмкін бе
Бокс

sports.kz

Екінші орта салмақтағы WBO әлем чемпионы Хамза Шираз Бүкіләлемдік бокс ұйымының қазақстандық Жәнібек Әлімханұлын міндетті үміткер етіп бекітуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап. 

Ұлыбританиялық боксшы Әлімханұлының допинг дауынан кейін бірден мұндай мәртебеге ие болуын әділетсіздік деп санап, WBO-ның бұл қадамын сынға алды.

– Шынымды айтсам, мен мұны жай ғана әзіл деп ойладым. Бұл – нағыз күлкілі әрекет. WBO-ның жасаған ісі – бокс үшін ұят жағдай. Өйткені олар допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткен адамды марапаттап отыр. Оның үстіне, бұл жағдай оның бокстан шеттетілу мерзімі әлі аяқталмаған кезде болды. Бұл мүлдем қисынсыз. Мен рейтингіде сатылап жоғары көтерілдім және «таза спорт» қағидаттарын құрметтедім. Қажырлы еңбек арқылы чемпиондық атаққа қол жеткіздім. Чемпиондық атақты қорғау жекпе-жектері жоғары деңгейде ұйымдастырылады деп күткен едім. Келесі қарсыласым Джейкоб Банк болады деп ойладым. Бірақ бәрі басқаша болды, - деді Шираз.

Сондай-ақ әлем чемпионы командасымен ақылдасып, шешім қабылдайтынын жеткізді.

– Менің бойымдағы жауынгерлік рух: «Келіс те, рингке шығып, өз мықтылығыңды көрсет», - дейді. Алайда адамгершілік қағидаттарын ұстанатын және өзін адал спортшы санайтын жан ретінде, мұндай жекпе-жекке келісу менің спорттағы қағидама қайшы келеді. Шынымды айтсам, бізді қиын жағдайда қалдырды. Енді командаммен ақылдасып, алда не істейтінімізді шешуіміз керек, - деп түйіндеді сөзін боксшы.

Қос тарапқа жекпе-жекті ұйымдастыру бойынша келіссөздер жүргізуге 20 күн уақыт берілді. Осыған қарамастан, Шираздың командасы бұл кездесуден бас тартып, басқа бағытты таңдауы мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр.