«Барыс» Уфадағы турнирде «Амурдан» ойсырай жеңілді
«Барыс» хоккей клубы
Елордалық «Барыс» хоккей клубы Башқұртстан Республикасы кубогы аясындағы екінші матчында хабаровскілік «Амурға» қарсы айдынға шықты. Өкінішке қарай, бұл кездесуде де астаналық ұжым қарсыласына айтарлықтай қарсылық көрсете алмай, ірі есеппен есе жіберді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Кездесудің басынан-ақ «Амур» ойын тізгінін қолға алды. 7-минутта Иван Климович есеп ашты. Алайда, 14-минутта «Барыстың» шабуылшысы Всеволод Логвиннің тамаша пасынан кейін Самат Данияр мергендік танытып, таразы басын теңестірді. Бірінші кезең аяқталар тұста Артем Шварев хабаровскіліктерді қайта алға шығарды.
Екінші және үшінші кезеңде де «Амур» хоккейшілері белсенділігін бәсеңдеткен жоқ. Александр Дергачев пен Артем Шваревтің голдарынан кейін есеп ұлғая түсті. Кездесудің соңғы нүктесін Иван Климович айып соққысын (буллит) сәтті орындап қойды. Қорытынды есеп – 5:1.
Бұл «Барыстың» турнирдегі екінші жеңілісі (бұған дейін «Салават Юлаевтан» 1:4 есебімен ұтылған болатын). Енді қазақстандық клуб турнирдегі соңғы ойынын 20 тамыз күні сағат 13:00-де Тольяттидің «Лада» командасына қарсы өткізеді.