«Қайраттың» негізгі қақпашысы Заруцкий «Интерге» қарсы оралуы мүмкін

Қайрат ФК
Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин команда қақпашысы Александр Заруцкийдің қазіргі жағдайына тоқталды.
Еске сала кетейік, ұлттық құраманың қақпашысы Заруцкий Чемпиондар лигасындағы «Селтикке» қарсы алғашқы ойында жарақат алған болатын. Одан кейін қақпаны Темірлан Анарбеков қорғаған еді, алайда ол да «Ақтөбемен» өткен матчта жарақат алып, қатардан шығып қалды. Осыған байланысты соңғы ойындарда қақпа Шерхан Қалмырзаға сеніп тапсырылды. Дегенмен ол «Спортинг» пен «Реалға» қарсы матчтарда 9 гол өткізіп алды.
Рафаэль Уразбахтин жағдайды былайша түсіндірді:
– Заруцкий жәймен жаттығуларға кірісті. Әзірге оның нақты қай күні қатарға қосылатынын айта алмаймын. Бұған дейін ол залда дайындалып жүрген, қазір алаңға шығып, доппен жұмыс істеп жүр. Жарақат алған аяғына жүктеменің қалай әсер ететінін бақылап отырмыз. Егер үзіліс кезеңін сәтті өткізсе, Заруцкий толық қалпына келуі мүмкін, – деді бапкер.
Маманның айтуынша, қақпашының қараша айында өтетін «Интерге» қарсы матчқа дейін сауығып кетуі ғажап емес. Егер оған мүмкіндік болмаса, жалпы топтық кезеңде «Қайраттың» тағы төрт ойыны бар.
Айта кетейік, Александр Заруцкий «Қайратты» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығаруға үлкен үлес қосқан еді. Жанкүйерлер негізгі қақпашыны қайтадан алаңнан көруге асығып отыр.