«Қайрат» пен «Реал» ойынына билет бағасы көпшілікті ойландырды

«Қайрат» пен «Реал» ойынына билет бағасы көпшілікті ойландырды
Футбол

Фото: instagram/ @ticketonkz

Алматыда 30 қыркүйек күні өтетін тарихи матчқа билеттердің қымбаттығы шетел баспасөзінің де назарын аудартып отыр.

Испаниялық El Debate басылымы жазғандай, «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы Лига чемпиондары кездесуіне ең арзан билет 30 мың теңгеден басталып, VIP-орындар 250 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл – шамамен 47-ден 400 еуроға тең, яғни елдегі ең төменгі айлық жалақыдан бірнеше есе қымбат. 

Сарапшылардың пікірінше, сұраныстың жоғары болуы клубқа табыс әкелсе де, мұндай баға көптеген жанкүйер үшін қолжетімсіз. Қазақстанда ең төменгі жалақы 100 мың теңге шамасында, сондықтан кейбір жанкүйерлер Мбаппе, Беллингем, Арда Гюлер немесе Винисиус секілді әлемдік жұлдыздарды көру үшін қарызға батқысы келмейді. 

Соған қарамастан, билет құны УЕФА талаптарына сәйкес белгіленген. «Қайрат» үшін мұндай тарихи ойын футбол тойы ғана емес, клуб қазынасын толықтырудың да мүмкіндігі болып отыр.