Түркістанда байдарка және каноэ есуден VI Жастар ойындары басталды

Түркістанда байдарка және каноэ есуден VI Жастар ойындары басталды
Басқа

Бүгін Түркістан қаласындағы заманауи олимпиадалық стандарттарға сай ескек есу каналында Қазақстан Республикасының VI Жастар ойындары аясында байдарка және каноэ есуден жарыстардың ашылу салтанаты өтті.

Бұл — еліміздегі су спорты саласының ең маңызды жастар додаларының бірі, жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, ұлттық құраманың жаңа есімдерін анықтауға мүмкіндік беретін маңызды кезең.

Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев, сондай-ақ Түркістан облысы мен Шымкент қаласы ескек есу және желкенді спорт қауымдастығының төрағасы, облыстық су спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Денис Жәрменов қатысты. Қонақтар өз құттықтау сөздерінде спортшыларға табыс тілеп, әділ әрі жоғары деңгейде өтетін жарыс боларына сенім білдірді.

Биылғы додаға еліміздің 10 өңірінен келген 93 спортшы қатысуда. Қатысушылар 34 медаль жиынтығы үшін өзара бақ сынайды. Байрақты жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан бөлек, Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының спортшылары қатысып отыр. Жарыс 22–29 қыркүйек аралығында өтеді. Апталық дода барысында қатысушылар жеке және жұптық қашықтықтарда, түрлі категориялар бойынша өз күштерін сынайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жарыс жоғары деңгейде өтіп, жас ескекшілерге тәжірибе жинақтап, болашақ халықаралық турнирлерге жолдама алуға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шара спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың спортқа қызығушылығын арттыруды мақсат етеді.

Түркістандағы бұл жарыс еліміздің су спорты тарихында тағы бір маңызды белес болмақ.