Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы анықталды: Жанкүйерлерді үлкен жекпе-жек күтіп тұр

Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы анықталды: Жанкүйерлерді үлкен жекпе-жек күтіп тұр
Бокс

Фото: Top Rank

Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы көптен күткен біріккен титул жекпе-жегін өткізеді. Қазақ боксшысы енді WBC белбеуінің иегері, доминикандық Карлос Адамеспен рингте қолғап түйістіреді. 

Бұл жаңалықты испан тілді комментатор әрі тележүргізуші Фернандо Сабатини өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оның айтуынша, Адамес келіссөздердің соңына жеткенін мәлімдеп, жанкүйерлерді қызықты айқас күтіп тұрғанын жеткізген.

«Біз бұл жекпе-жекті ұйымдастыруға талай уақыт кетірдік. Енді бәрі реттеліп келеді, келісімнің негізгі шарттары келісілді», – дейді Карлос Адамес.

Әзірге кездесудің нақты өтетін күні мен орны белгісіз, алайда инсайдерлер бұл айқастың екі чемпион үшін де келесі басты айқасы боларына сенімді. Жақында Жәнібек Әлімханұлының өзі де «орта салмақтағы маңызды жаңалыққа» қатысты мәлімдеме жасап, алдағы уақытта ресми ақпарат жарияланатынын ескерткен болатын.