Геннадий Головкин – World Boxing президенттігіне басты үміткер

Геннадий Головкин – World Boxing президенттігіне басты үміткер
Бокс

World Boxing

Әуесқой бокста үлкен өзгерістер күтіліп отыр. World Boxing федерациясының қазіргі президенті Борис ван дер Ворст екінші мерзімге кандидатурасын ұсынбайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Bassport.kz «Спорт Шредингер» телеграм-арнасына сілтеме жасап. 

Ресми дерек бойынша, нидерландық спорт функционері бұл шешімді ұзақ жылдық жұмыстан кейінгі шаршаумен түсіндірді. Дегенмен британдық журналист Данкан Маккай (Zues Files) оның шешіміне бұдан да маңызды себептер әсер еткенін алға тартады. 

Оның мәліметінше, Ван дер Ворст Халықаралық Олимпиада комитетінің сенімінен айырылған. Бұған күмән тудырған маркетингтік келісімдер мен 2028 жылғы Олимпиада ойындарындағы бокс жарысын ұйымдастырудағы кейбір олқылықтар себеп болған. Сонымен қатар, федерацияға мүше бірқатар ел де қазіргі басшының қызметіне көңілтолмаушылық білдірген. 

Журналистің ақпаратынша, ұйымды басқаруға басты үміткер – қазақстандық Геннадий Головкин. Қазіргі уақытта ол World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясын басқарады. Егер Головкин сайлауда жеңіске жетсе, халықаралық бокс федерациясын басқарған алғашқы қазақстандық спорт қайраткері атанады.

Айта кетелік, ресми кандидаттар тізімі федерацияның ішкі тәртібіне сәйкес кейінірек жарияланатын болады.