AUYL SPORT-2025: Сыр елінің өрендері анықталды

AUYL SPORT-2025: Сыр елінің өрендері анықталды
Басқа

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға айрықша мән берді.

Президенттің бастамаларын үнемі қолдайтын Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры биыл да ауыл балаларына үлкен спортқа жол ашатын «AUYL SPORT» турнирін өткізіп жатыр. 11 қыркүйек пен 12 қазан аралығында өтетін II өңірлік «AUYL SPORT 2025» турнирінің шымылдығы қасиетті Сыр топырағында түрілді.

Турнир ауқымы

Қызылорда облысында өткен алғашқы кезеңде 500-ден аса өрен бозкілем мен алаңға шығып, өз өңірінің намысын қорғауға бар күш-жігерін салды. Олар 7 спорт түрінен – каратэ, баскетбол, волейбол, бокс, еркін күрес, шахмат және үстел теннисінен – бақ сынады. Жарыстың әділ әрі жоғары деңгейде өтуін 70-тен аса тәжірибелі төреші қамтамасыз етті.

Жеңімпаздар тізімі

Жалпы есепте 73 алтын, 73 күміс және 90 қола медаль сарапқа салынды. Жаңақорған ауданы жеңіс туын желбіретіп, 17 алтын, 18 күміс, 5 қоламен жалпы есепте көш бастады. Қазалы жастары да намысты қолдан бермей, 16 алтын, 6 күміс, 10 қоланы қанжығасына байлады. Қармақшының өрендері 14 алтынды олжалады. Шиелі, Арал, Жалағаш, Сырдария, Шіркейлі, Талсуат, Қызылжарма және өзге де ауылдардың жастары жеңіс тұғырынан көрініп, Сыр спортының абыройын асқақтатты.

Енді қызылордалықтар 3-6 қарашада Алматыда өтетін республикалық финалда кездесіп, чемпион атағын сарапқа салады.

Іс-шараны жергілікті атқарушы органдардың және аккредиттелген спорт федерацияларының қолдауымен «Halyk» қайырымдылық қоры ұйымдастырды. Қордың Атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов жарыстың басты мақсатын айқындап берді.

«Турнирдің Сыр елінен басталуы тегін емес. Бұл өңір – талай батыр ұл мен қызды тәрбиелеп, қазақ спортының тарихында алтын әріппен жазылған жеңістер сыйлаған қасиетті мекен. Сол дәстүрді жалғастыру – бүгінгі жас буынның қолында. Біз ауыл жастарына спорт арқылы жаңа мүмкіндіктер беріп, оларды танытып, болашақта үлкен жеңістерге жол ашуды көздейміз. Бұл турнир – жас спортшылар үшін жаңа белестерге бастайтын алғашқы қадам, ал ел үшін – болашақ чемпиондардың дүниеге келуіне негіз болатын үлкен мектеп».  

Жергілікті билік бұл бастаманы өңір спорты үшін үлкен серпін деп бағалады.

«Сыр өңірі қашан да спорт десе, рухы асқақ елдің бірі болған. Мұнда талай чемпиондар тәрбиеленді, ал осындай турнирлер сол дәстүрді жалғастырып, жаңа есімдердің шығуына жол ашады. Біз үшін әрбір жас спортшының жеңісі – өңіріміздің абыройы, елдің мақтанышы», - деді әкімдік өкілдері.

Бокстан жарысқа қатысқан 13 жастағы Нұрдәулет толқынысын жасырған жоқ.

«Мен үшін бұл – үлкен спорттағы алғашқы қадам. Әрине, қатты толқып тұрмын. Бірақ бар күш-жігерімді салдым. Болашақта Қызылорданың атын паш еткен Қамшыбек Қоңқабаев секілді болғым келеді. Мұндай мүмкіндік сыйлағандарға көп рақмет», - деді ол.

Жетістік тарихы

"AUYL SPORT" жобасы – ауыл балаларына спорт арқылы үлкен өмірге жол ашуды мақсат еткен Тимур Құлыбаевтың бастамасы. Бұл жоба алғаш 2024 жылы басталғанда-ақ ауылдағы мыңдаған жасөспірімнің жүрегіне үміт отын жақты. Бір жылдың ішінде 200 ауылдық елдімекеннен 12 мыңнан аса бала қатысқан алғашқы маусым нағыз спорт мерекесіне айналды. Алматыда өткен финалда 1300 үздік спортшы бас қосып, ел тарихындағы ең ауқымды ауыл жастарының жарысын жасады. Спортшылар тегін киіммен, тасымалмен, тұрумен қамтамасыз етіліп, кәсіби деңгейде ұйымдастырылған турнирдің қатысушысы ретінде сезіне алды.  

Жобаның алғашқы нәтижелері көп күттірмеді. 2025 жылдың көктемінде AUYL SPORT жеңімпаздары Қазақстан құрамасының сапында Сербияда өткен ISF U-15 Гимназиадасына аттанды. Кез келген елдің арманы саналатын бұл додада 22 қазақстандық жас спортшының 12-сі – ауыл балалары болды. Қазақстан құрамасы 11 медаль жеңіп алып, ел намысын асқақтатты. Оның төртеуі ауыл спортшыларының еншісінде.

AUYL SPORT ауыл балаларының да әлемдік аренада жеңіске жете алатынын көрсетті. Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры олардың арманына жол ашуды жалғастырады.