Қазақстан – АҚШ матчы алдында Рыбакина жағдайын түсіндірді

Теннис
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Билли Джин Кинг кубогындағы ширек финал қарсаңында жарақатына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан құрамасы 18 қыркүйекте Қытайдың Шэньчжэнь қаласында АҚШ құрамасымен кездеседі. ФТК баспасөз қызметінің мәліметінше, Рыбакина дайындықтың жоспарға сай өтіп жатқанын айтты.
– Әр турнирге дайындығым шамамен бірдей. Америкада көп матч ойнадым, бұл мен үшін үлкен плюс. US Open кезінде аздап жарақат алып, біраз уақыт үзіліс жасауға тура келді. Қазір бірнеше күннен бері осындамын, алда тағы дайындалуға уақыт бар. Сондықтан бәрі жақсы деп ойлаймын. АҚШ құрамасы – әлемдегі ең мықты командалардың бірі. Бұған дейін Пегуламен және Наварромен кездесулерім оңай болмаған. Әрине, командалық турнирлер жеке жарыстардан өзгеше: қысым да, психология да басқа. Бірақ бізде барлық мүмкіндік бар, бар күшімізді салып ойнаймыз. Қалай болатынын алаңда көреміз, – деді Рыбакина.
Айта кетелік, Елена Рыбакина – Уимблдон-2022 турнирінің жеңімпазы. Сондай-ақ, ол WTA турнирлерінде тоғыз мәрте топ жарған. Әлемдік рейтингте бұрынғы үшінші ракетка атанған тәжірибелі спортшы.