Ливерпуль батырлары демалады, шаршы алаңға жаңа есімдер шығады

Ливерпуль батырлары демалады, шаршы алаңға жаңа есімдер шығады
Бокс

KBF

Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов әлем чемпионатынан кейінгі жоспарлар жайлы айтты, деп хабарлайды Bassport.kz Qsport.kz-ке сілтеме жасап. 

Бапкердің айтуынша, 15–22 қарашада Үндістанда өтетін Әлем кубогының финалдық кезеңіне ұлттық құраманың көшбасшылары қатыспайды. Турнирде екінші және үшінші нөмірлі боксшыларға сенім артылады. 

Сонымен қатар Сәтжанов қазан айында Семейде өтетін Қазақстан чемпионаты туралы да пікір білдірді. Оның сөзінше, тек Ливерпульде өткен әлем біріншілігінің чемпиондары – Санжар Тәшкенбай (50 кг), Махмұд Сабырхан (55 кг), Төрехан Сабырхан (70 кг) және Айбек Оралбай (+90 кг) – ұлттық біріншіліктен босатылады. Қалған боксшылардың барлығы жарысқа қатысуға міндетті. 

Бапкер турнир күнтізбесіне қатысты сұрақтарға да жауап берді. Қазақстан Конфедерациясының турнирі қайта жаңғырғандықтан, оның мерзімі ел чемпионатының уақытына тым жақын келген. Сол себепті ұлттық біріншілік қазан айының ішінде кейінгі күндерге шегеріледі.