«Астана» және «Астана-Жастар» жаңа маусымға дайын

«Астана» және «Астана-Жастар» жаңа маусымға дайын
Басқа

Елордадағы баскетбол жанкүйерлерін жаңа қызықты маусым күтіп тұр. «Астана» баскетбол клубының ерлер командасы 2025/26 жылғы маусымда екі бірдей тұрақты чемпионатта бақ сынайды: FIBA WASL (West Asia Super League) аймақтық турнирінде және Қазақстан Ұлттық Лигасында.

Клуб өз тарихында алғаш рет FIBA Asia ұйымдастырған Батыс Азия Супер Лигасына қатысады. Бұл турнирге Батыс Азия, Парсы шығанағы, Үндістан және Қазақстанның үздік клубтары жиналады. Жарыс екі субаймаққа — Gulf League және West Asia League дивизиондарына бөлінген. Жеребе қорытындысына сәйкес, «Астана» West Asia League құрамында өнер көрсетеді. Қатысушы командалардың толық тізімі мен ойын күнтізбесі жақын күндері жарияланады.

Қазақстан Ұлттық Лигасында елордалық команда өз чемпиондық атағын қорғауға ниетті. Өткен маусымда «Астана» ел біріншілігінде топ жарып, алтын медаль иеленген болатын.

Сонымен қатар, «Астана-Жастар» командасы да жаңа белесті бағындыруға дайын. Жастар ұжымы 2025/26 маусымында алғаш рет ВТБ Бірыңғай жастар Лигасында дебют жасайды. Турнирде барлығы 14 команда бақ сынайды, оның ішінде екі шетелдік клуб бар. «Астана-Жастар» тұрақты чемпионат аясында 52 матч өткізеді, оның 26 кездесуі елордадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді.

Бұған қоса, негізгі және жастар командалары 15-20 қыркүйек аралығында Атырауда өтетін Қазақстан Кубогына қатысады. Өткен жылы елордалықтар бұл турнирдің жеңімпазы атанған еді.

«Астана» КБК бас серіктесі – «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ «Астана» КБК серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ