Қажымұқан ауылында балаларға арналған спорттық мереке өтті

Бүгін Спорт күні қарсаңында Ақмола облысы, Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында ерекше шара ұйымдастырылды.
Тимур Құлыбаевтың "Halyk" қайырымдылық қоры мен "Qazaqstan" РТАҚ волонтерлік ұйымы бірлесіп өткізген мереке жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қуаныш сыйлады.
Шара аясында Ақкөл қаласының №1 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысуға жағдай жасалды. Балалар үшін «Auyl sport» турнирінің қатысушыларымен ойындар ұйымдастырылып, Ақмол ауылының баскетбол командасымен жолдастық кездесу өтті. Сонымен қатар бокс және баскетболдан шеберлік сабақтары өткізіліп, жасөспірімдерге кәсіби спортшылардың тәжірибесін көруге мүмкіндік берілді.
"Halyk" қорының спорт жөніндегі маманы Ғалым Сихымовтың айтуынша, басты мақсат – Спорт күнін атап өту ғана емес, жасөспірімдерді салауатты өмір салтына баулу. Осыған орай балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен спорттық киімдер, жабдықтар табысталды.
Шараға қатысқан балалардың бірі, Ақкөл балалар үйінің тәрбиеленушісі Надежда Рэслер әсерімен бөлісті:
Шара маған өте қатты ұнады. Біз түрлі жаттығулар жасап, жарыстарға қатысып, күш жинадық. Спорттың денсаулық кепілі екеніне тағы бір рет көз жеткіздік. Осындай қуаныш сыйлаған ұйымдастырушыларға үлкен рақмет!
Мерекелік көңіл-күйді күйші, эстрада әншілері мен бишілердің өнері толықтыра түсті. Балалар спорттық жарыстармен қатар, музыка мен би арқылы да шаттыққа бөленді!