Түркістан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі 7 айда 228 медаль жеңіп алды

Түркістан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде 2025 жылдың жеті айлық жұмыс қорытындысы және «Спорт күні» кәсіби мерекесіне арналған жиын өтті. Оған облыстық спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен мектеп директоры Шынболат Райханов қатысып, спортшылардың жетістіктері мен алдағы міндеттер талқыланды.
Басқарма басшысы ұжым еңбегін жоғары бағалап, спортшыларды, жаттықтырушыларды және қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, арнайы марапаттар табыс етті.
Қазіргі таңда мектепте 13 спорт түрінен кәсіби дайындық жүргізіліп, 30 жаттықтырушы шәкірттерді шыңдауда. 28 оқу тобының ішінде 7-еуі – жоғары спорт шеберлігі, 10-ы – спорттық жетілдіру (I жыл), 11-і – спорттық жетілдіру (II жыл) тобынан тұрады. Жалпы 234 спортшы дайындалуда, олардың 144-і ҚР спорт шебері атағына үміткер, 76-сы – ҚР спорт шебері, 14-і – халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
115 спортшы бүгінде Қазақстан құрамасына кіріп отыр. Оның ішінде 60-ы – негізгі, 33-і – жастар, 22-сі – жасөспірімдер құрамасында. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 27 спортшыға артқан.
Жыл басынан бері спортшылар 82 алтын, 65 күміс және 81 қола медаль жеңіп алып, облыс қоржынына барлығы 228 жүлде салды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 75 медальға артық.
Мектеп басшылығы мұндай жетістік жүйелі еңбектің нәтижесі екенін атап өтті. Дегенмен ауыр атлетика мен жүзу бойынша көрсеткіш төмен болғандықтан, нәтижені жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Биыл спортшылардың жоғары деңгейде дайындалуы үшін қосымша дәрігер маман жұмысқа алынып, фармакологиялық қамтамасыз ету жүйесі күшейтілді. Басшылық мұның өңір спортының дамуына тың серпін беретініне сенімді.