Qazsport арнасы “Қайрат” – “Слован” матчының көрсетіліміне қатысты шектеулерді түсіндірді

Qazsport арнасы “Қайрат” – “Слован” матчының көрсетіліміне қатысты шектеулерді түсіндірді
Футбол

ҚФФ

UEFA Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі “Қайрат” – “Слован” матчынан кейін Qazsport арнасы тікелей эфирдің кей платформаларда болмауына байланысты сынға ілікті. Арна директоры Нағи Бақытбеков бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Bassport.kz.

– “Бұған дейін “Қайраттың” “Олимпияға” қарсы екі кездесуін мүлде көрсете алмадық. Ал сырт алаңдағы КуПС-пен өткен ойынды тікелей келіссөздер арқылы көрсетуге мүмкіндік туды. Содан кейін “Қайратпен” көрсетілімге қатысты барлық нюанстарды талқыладық. Нәтижесінде бізге спутниктік, кабельдік және аналогтық теледидарға арналған құқықтар берілді. Бірақ интернет-платформалар (OTT, ID және IDTV) үшін құқықтар қарастырылмаған еді. Сондықтан Kazakhtelecom тарапынан кешегі ойынды онлайн арқылы көрсетуге рұқсат берілмеді”, – деді Бақытбеков Tengri Sport-қа берген сұхбатында.
Неліктен бұған дейін кей матчтар көрсетілді, ал бұл жолы шектеу болды?
– “КуПС-пен өткен ойын алдында біз барлық құқықтық мәселені нақтылап алдық. Бұл ретте “Кинопоиск” пен “Қайрат” қолдау көрсетті. Ал “Слованмен” ойында құқық бұзу болмауы үшін біз тек заңды аясында әрекет еттік. Әйтпесе, санкцияларға ұшырауымыз мүмкін еді”, – деді арна басшысы.

Сонымен қатар Бақытбеков келесі жауапты матчқа қатысты мәлімет берді:

– “Братиславада өтетін қарымта матч дәл осы форматта – яғни тек теледидар арқылы көрсетіледі. Егер “Қайрат” Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне өтсе, онда біз УЕФА арқылы қажетті құқықтарды алдын ала сатып алдық. Бұл жағдайда матчтарды Qazsport сайтында да ашық көрсетеміз. Ал егер клуб Еуропа лигасының плей-оффына түссе, онда барлық трансляция құқығы “Кинопоискке” тиесілі”, – деп түйіндеді ол.

Бұл түсініктемеден кейін жанкүйерлер тарапынан нақты құқықтық шектеулер туралы ақпарат белгілі болды. Алайда интернет арқылы көруге мүмкіндік болмағанына қарамастан, матчтың тек теледидармен шектелуі көпшіліктің көңілінен шықпаған сыңайлы.