Геннадий Головкиннің бұрынғы бапкері 22 жылдан кейін түрмеден босап шықты

Геннадий Головкиннің бұрынғы бапкері 22 жылдан кейін түрмеден босап шықты
Бокс

Olympics.com

Белгілі бокс бапкері, Қазақстандағы бірқатар чемпиондарды тәрбиелеген Серік Қалиев 22 жылға созылған бас бостандығынан айыру жазасын өтеп, 6 тамызда бостандыққа шықты. Бұл туралы Bassport.kz Orda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Қалиев 2004 жылы Қазақстанның тұңғыш президентінің құдасы Асқар Құлыбаевқа жасалған қастандыққа қатысты іс бойынша сотталған еді. Алайда ол өз кінәсін мойындамаған. Қатаң режимдегі Заречный колониясынан шыққан сәтінде оны жақындары қарсы алып, Алматыға алып кеткен.

Адвокаты Айман Омарованың айтуынша, Қалиев бұл жылдарды «тозақпен тең» өткерген. Ол түрмеде гепатит С жұқтырып, бірнеше созылмалы ауруға шалдыққан. Қорғаушысының сөзінше, оған қосымша жаза тағайындау немесе денсаулығына байланысты ерте босатпай қою әрекеттері де болған.

Серік Қалиев — халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокстан республикалық және халықаралық турнирлердің ұйымдастырушысы, бірнеше қайырымдылық жобалармен айналысқан. Оның шәкірттерінің қатарында Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Василий Жиров, Серік Елеуов пен Павел Сторожук сынды атақты боксшылар бар.

Алайда 2004 жылы Алматыда болған жарылыстан кейін жағдай күрт өзгерді. Сол кезде полиция оны Құлыбаевқа жасалған шабуылдың ұйымдастырушысы ретінде тұтқындаған. Жарылыс кезінде бомба алып келген Михаил Нартов қаза тапқан. Тергеу мәліметінше, ол қайтыс болар алдында тапсырыс беруші мен делдал ретінде Қалиев пен оның жүргізушісінің есімін атаған.

2005 жылы Қалиев пен оның көмекшісі Песков адам өлтіру, кісі өлтіруге оқталу, қару-жарақ сақтау және бопсалау баптары бойынша айыпты деп танылып, 25 жылға сотталған. Кейін жаза 22 жылға қысқартылған. Серік Қалиев өз кінәсін мойындамай, бұл істің артында оның спорттағы жетістіктерін көре алмаған адамдар тұрғанын айтып келеді.

Ол қамауда болған кезде, еңбекпен қамтылмаған. Бос уақытын қоғамдық жұмыстарға арнағанымен, мекеме әкімшілігі тарапынан қолдау көрмеген. Бірде әкімшілікке қарсы соттасып, жеңіске де жеткен.

Қалиевтің адвокаты оның бірнеше рет шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш бергенін, бірақ әр жолы соттың дәлелсіз себептермен бас тартқанын атап өтті. 2021 жылы ол колониядағы азаптау істері бойынша куә ретінде шақырылып, өзі жәбірленуші бола тұра қысымға ұшыраған.

Серік Қалиевтің денсаулығы ауыр, алда оны ұзақ оңалту кезеңі күтеді. Бірақ ол өз ісіне қайта оралып, ел спортына қайта үлес қосуы мүмкін.