Жалғас Жұмағұлов “еуропалық UFC” тарихына енді

Arlan MMA
Қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов (18-9) еуропалық Oktagon MMA лигасында тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Bassport.kz.
Oл аталған ұйымдағы чемпиондық белбеуге ие болған алғашқы қазақстандық спортшы атанып отыр. Жұмағұлов Гамбургте (Германия) өткен Oktagon 73 турнирінде бұрынғы чемпион, грузиялық Бено Адамияны (12-9-2) төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп шықты. Бұл айқын жеңістің арқасында Жалғас жеңіл салмақта (flyweight) чемпиондық белбеуді иеленді.
Айта кету керек, Адамия бұл кездесуге дейін чемпион болғанымен, салмақ өлшеу рәсімінен кейін, титулынан айырылған еді. Соған қарамастан, қазақстандық спортшы қарсыласын сенімді түрде жеңіп, ұйым тарихындағы есімі алтын әріппен жазылатын чемпионға айналды.
Oktagon MMA — Чехия мен Словакия базасында құрылған, Еуропадағы ең беделді промоушндердің бірі. Оны жиі «еуропалық UFC» деп атайды.