Ауыл балалары үшін алғашқы Халықаралық арена!

23–28 маусым күндері Атырау қаласындағы AiRom Arena спорт кешенінде 2009 жылы туған ұлдар мен қыздар арасында «AIROM CUP» Халықаралық баскетбол турнирі өтті. Бұл дода ауыл спортшылары үшін — үлкен спорт жолындағы тұңғыш Халықаралық тәжірибе болды.
«AUYL SPORT–2024» республикалық турнирінде үздік нәтиже көрсеткен ауыл командалары Атырауға жолдама алып, ел намысын қорғады. Қыздар арасынан — Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы, Переметное ауылынан келген команда. Ұлдардан — Жамбыл облысы, Жалпақтөбе ауылынан құралған құрам жарысқа қатысты. Жас спортшылар Ресей, Әзербайжан және Грузия командаларымен кездесті.
Ауыл жастарының бұл сапарына қатысты барлық шығындарды Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қоры қаржыландырды. Бұл — ауылдан шыққан дарынды балалар үшін жасалған үлкен мүмкіндік, деп атап өтті бапкерлер.
«Біздің халықаралық турниріміз өз мәресіне жетті. Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осы орайда “Барсы Атырау” ұжымына алғысымыз шексіз! Мұнда болу – біз үшін үлкен қуаныш, керемет әсер мен эмоция алдық. Әсіресе, “Halyk” қорына және AUYL SPORT жобасына ерекше алғыс білдіреміз. Бұл – ауыл балалары үшін берілген үлкен мүмкіндік», — дейді Жамбыл облысынан келген баскетбол жаттықтырушысы Данияр Құрбанов.
«AUYL SPORT» жобасы ауыл жастарына спорт арқылы жаңа көкжиек ашуды жалғастыра береді. Алдағы уақытта мұндай Халықаралық деңгейдегі жарыстарға тағы да ауыл спортшылары қатысады деп күтілуде.