Асхат Тағыберген футболдан кететіні туралы мәлімдеме жасады

Футбол
«Тобыл» ФК
Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Асхат Тағыберген ойыншы ретіндегі карьерасын аяқтағаннан кейінгі болашағы туралы ой бөлісті. Ол футболда қалуы мүмкін екенін жоққа шығармады, деп хабарлайды Bassport.kz.
Айдың басында Тағыберген Қазақстан құрамасынан кеткенін жариялаған болатын. 34 жастағы жартылай қорғаушы бұл шешімінің себебін түсіндірді:
“Бұл оңай шешім болған жоқ. Бұл ой менде Солтүстік Македониямен өткен ойынынан кейін пайда болды: мен мұны карьерамдағы белгілі бір кезеңнен кейінгі шешім деп санаймын. Бір сәтте клубқа және отбасыма көбірек көңіл бөлу керектігін түсіндім. Әрине, күмән болды, өйткені ұлттық құрама — бұл абырой. Бірақ мен дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын,” — деді ол.
Сондай-ақ футболшыдан футбол менеджменті курстарынан өткендігі туралы сұралды.
“Иә, мен болашаққа көз жүгіртіп, ойыншы ретіндегі карьерамның аяқталуына дайындалып жүрмін. Футболда басқа рөлде де пайдалы болғым келеді. Бұл клуб басқаруындағы жұмыс немесе балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту болуы мүмкін. Өз тәжірибемді жаңа буынға жеткізгім келеді,” — деді Тағыберген Olimpbet Arena арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Асхат Тағыберген Қостанайдың “Тобыл” клубының намысын қорғап жүр. Ол барлық турнирлерде 13 матч өткізіп, бір нәтижелі паспен көзге түсті.