Канело Головкинді ең мықты қарсыластарының бірі деп атады

SI
Мексикалық әйгілі боксшы Сауль Канело Альварес қазақстандық Геннадий Головкиннің күшін тағы бір мәрте мойындады. Бұл туралы Bassport.kz хабарлайды.
SI ақпараттық порталының дерегінше, Канело мансабында рингте ең ауыр сәттерді дәл осы Головкинмен өткізген. Сонымен қатар, ол америкалық Флойд Мейвезер мен пуэрторикалық Мигель Анхель Коттоны да мықты қарсыластар ретінде атады.
Кәсіпқой бокста Сауль Альваресті жеңе алған тек екі боксшы бар. Олар – ресейлік Дмитрий Бивол және Флойд Мейвезер.
Ал Головкинмен болған үш жекпе-жек бокстың тарихына енген айқастардың бірі ретінде бағаланып отыр. Екі боксшы алғаш рет 2017 жылы кездесіп, жекпе-жек даулы тең нәтижемен аяқталған. 2018 жылы өткен екінші кездесуде төрешілер Канелоға жеңіс берсе, 2022 жылы өткен үшінші жекпе-жекте де мексикалық боксшы ұпай саны бойынша басым түсті.
Қазіргі таңда Канело 13 қыркүйекте өтетін аса күтілетін жекпе-жекке, яғни Теренс Кроуфордқа қарсы айқасқа дайындалып жатыр. Бұл кездесу соңғы жылдардағы ең маңызды және рейтингі жоғары бокс кештерінің бірі болмақ.