Теннис аңызы Александр Бубликтің әрекетіне баға берді

Getty Images
«Үлкен дулыға» турнирлерінің алты дүркін жеңімпазы, әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, неміс теннисшісі Борис Беккер Германияның Галле қаласында өткен ATP-500 санатындағы шөптегі турнирде жеңіске жеткеннен кейін әлемнің 45-ракеткасы, қазақстандық Александр Бубликтің іс-әрекетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz Championat.com сайтына сілтеме жасап.
Финалда ол әлемдік ATP рейтингінде 11-орында тұрған ресейлік Даниил Медведевті жеңді. Кездесу 6:3, 7:6 (7:4) есебімен аяқталды.
«Саша өзіне бұрыннан таныс қарсыласы Даниил туралы керемет сөздер айтты. Ол тамаша матч өткізді және одан кейін жақсы пікір білдірді», – деп жазды Беккер әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, Бублик мансабында алғаш рет Даниил Медведевті жеңді. Бұған дейін Александр ресейлік теннисшіге алты матчтың барлығында жеңілген еді. Матчтан кейін Бублик Медведевке арнап сөз сөйлеп, оны «ұлы чемпион» деп атап, «Үлкен дулыға» турнирлерінде жаңа жеңістер тіледі.