«Qaton-Qaragai Trail – 2025»: Қатон-Қарағайда жаяу жүгіруден жарыс өтеді

2025 жылдың 5-6 шілдесі күндері Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданында орналасқан Берел ауылында «Qaton-Qaragai Trail – 2025» атты жаяу жүгіру жарысы өтеді.
Биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отырған бұл трейлраннинг додасы еліміздің табиғи байлығын паш етіп қана қоймай, қатысушылардың рухани дүниесін байытуды және тарихи-мәдени мұраларды кеңінен насихаттауды мақсат етеді.
Жарысты Қатон-Қарағай ауданының әкімдігі мен «El Sport» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр. Іс-шараның бас демеушісі ретінде Kaz Minerals қолдау көрсетеді.
Берел өзенінің бойымен өтетін 3, 10 және 20 шақырымдық бағыттар әуесқой спортшыларға да, кәсіби жүгірушілерге де арналған. Қатысушылар өз деңгейіне қарай кез келген қашықтықты таңдай алады.
Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен – Астана, Алматы, Көкшетау, Семей мен Қарағанды қалаларынан келген желаяқтар қатысады. Олардың қатарында республикалық және халықаралық деңгейде жүлде алып жүрген кәсіби спортшылар бар.
Аса көркем табиғат аясында өтетін бұл жарыс – спорт пен туризмді ұштастыратын маңызды бастама ретінде бағалануда.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Kaz Minerals тобының атынан ақшалай сыйақы табысталады. Марапаттар ерлер мен әйелдер санатында, сондай-ақ жастар арасында бөлек үлестіріледі. Жарыс өңірлік спорттың дамуына серпін беріп қана қоймай, Қатон-Қарағайдың туристік әлеуетін кеңінен таныстыруға мүмкіндік бермек.