Түркістанда Мұхтархан Ділдәбеков атындағы халықаралық бокс турнирі басталды

Түркістанда Мұхтархан Ділдәбеков атындағы халықаралық бокс турнирі басталды
Бокс

Бүгін Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде бокстан Сидней Олимпиадасының және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, ҚР Бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Қобыланбекұлы Ділдәбековтің жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIII халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп және Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

– Бүгінгі турнир – Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту бастамаларының нақты көрінісі. Қасиетті Түркістан қаласы көптеген талантты спортшыларды тәрбиеледі. Солардың бірі – Мұхтархан Ділдәбеков. Бүгінде өңірде 6000-ға жуық жас боксшы жаттығуда, – деді Ертай Алтаев.

Турнирге Қазақстанның барлық өңірлерінен және Әзербайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген 20 команда, 140-тан астам жас боксшы қатысуда.

Спортшылар 10 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтайды. Жарыстың басты мақсаты – ұлттық құраманы жасақтау және 1–13 тамызда Бангкокта (Таиланд) өтетін Азия чемпионатына үміткерлерді іріктеу.

Ауқымды дода Түркістан облысының әкімдігі, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, және №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтуде.