Түркістан облысының әкімі Азия чемпиондарына құрмет көрсетті
Түркістан облысында спорт саласын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр. Соңғы жылдары өңірде бұқаралық спортпен қатар, жоғары жетістіктер спорты да қарқынды дамуда.
Мұның жарқын дәлелі – халықаралық ареналарда ел намысын лайықты қорғап, Қазақстанның көк байрағын көкте желбіретіп жүрген түркістандық спортшылардың жеңістері. Осы орайда, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров соңғы айда халықаралық жарыстарда топ жарып, ел абыройын асқақтатқан Азия чемпиондарын арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Кездесу ерекше рухта өтті. Өңір басшысы өз сөзінде чемпиондарды жеңістерімен құттықтап, олардың табыстарының артында үлкен еңбек, қажыр-қайрат және отансүйгіштік жатқанын атап өтті.
«Сіздер Қазақстанның көк байрағын биікте желбіретіп, Түркістанның мерейін үстем еттіңіздер. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың спортты қолдау жөніндегі тапсырмасының орындалып жатқанын айғақтайды. Бүгінде өңірде 2024 жылы 73 спорт нысаны пайдалануға берілді, 2025 жылы тағы 51 нысан іске қосылады. Біз сіздердің әр жеңістеріңізді жоғары бағалаймыз және толық қолдау көрсетеміз», – деді Нұралхан Көшеров.
Айта кетейік, соңғы бір ай ішінде Түркістан облысының спортшылары үш бірдей ірі халықаралық жарыста орасан жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен жастар арасындағы бокстан Азия чемпионатында түркістандық боксшылар 8 алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Бұл – тек бір өңірдің емес, бүкіл елдің мерейін асырған көрсеткіш. Сонымен қатар, Қытайда ұйымдастырылған байдарка және каноэ есуден Азия чемпионатында Түркістан облысының өкілдері 3 алтын медаль иеленіп, су спорты саласындағы әлеуетін көрсетті. Астанада өткен пара дзюдодан әлем чемпионатында да өңір спортшылары 2 алтын медаль жеңіп, параспорт саласында да көшбасшы екенін дәлелдеді. Бұл жетістіктер – өңірде спорт инфрақұрылымын жаңғырту, дарынды жастарды іріктеу және оларды кешенді қолдау жүйесінің нақты нәтижесі. Облыста спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып, жоғары дәрежелі жаттықтырушылармен қамтамасыз етілуде. Жарысқа қатысушы спортшылардың дайындығы халықаралық талаптарға сай жүргізіліп келеді. Әсіресе, олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға басымдық берілген. Түркістан қаласының өзінде ғана бірнеше ірі спорт нысандары – «Olympic Center», күрес, бокс, жүзу және ауыр атлетикаға арналған мамандандырылған залдар, спорт интернаттары және жаңа жатақханалар іске қосылған. Кездесуде облыс әкімі чемпиондарға қаржылай сыйақылар табыстап, олардың жетістіктері өңір жастары үшін үлгі екенін баса айтты. Салтанатты шарада бокстан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Мырзағали Айтжанов сөз сөйлеп, өңір басшылығына көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді. Жиын барысында жастар арасындағы Азия чемпионы, бокстан алтын медаль иегері Шұғыла Нәлібай мен ескек есуден Азия чемпионы Артём Терещенко да сөз алып, спортшыларға көрсетіліп отырған жан-жақты қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Олар жаттығуға арналған заманауи инфрақұрылым, жарыстарға қатысу үшін берілетін мүмкіндіктер және қаржылық ынталандырудың жастарды спортқа баулуда ерекше рөл атқаратынын жеткізді. Айтулы спортшылардың айтуынша, дәл осындай қолдау мен сенім – алдағы үлкен жеңістерге бастайтын басты күш. Облыста қазіргі таңда спортты дамытудың жаңа кезеңі басталғанын атап өткен жөн. Мәселен, Түркістан қаласында халықаралық стандарттарға сай ескек есу каналының және атшабардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысандар іске қосылған соң өңірде ескек есу, ат спорты және триатлон сынды спорт түрлері бойынша республикалық және халықаралық жарыстарды қабылдау мүмкіндігі пайда болмақ. Сонымен қатар, бұл спорт базалары – Түркістанды Орталық Азиядағы спорт орталықтарының біріне айналдыруға бағытталған нақты қадам. Түркістан облысының ауыл-аймақтарында да спортқа ерекше көңіл бөлінуде. Қала және аудан орталықтарында ғана емес, шалғай ауылдарда да спорт алаңдары, шағын футбол, күрес және фитнес залдары салынып жатыр. Ауыл жастары арасында футбол, күрес, асық ату, гір спорты, армрестлинг, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлеріне қызығушылық артып келеді. Бұл орайда, облыстық спорт басқармасы мен әкімдік жастарға арналған бағдарламаларды жүзеге асырып, арнайы гранттар мен спорттық жабдықтармен қамтамасыз етуде. Жалпы алғанда, Түркістан облысында қазіргі таңда 400 мыңнан астам адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Бұл — өңір халқының 35%-ына жуығы. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің саны да артуда. Әр мектепте спорттың бірнеше түрі бойынша секциялар жұмыс істейді. Ата-аналар да балаларының спортқа бет бұруын қолдап, үйірмелерге жүйелі қатысуын қадағалайды. Бұл – салауатты ұрпақ тәрбиелеудің негізі. Жоғары жетістіктер спортымен қатар, бұқаралық спортты дамыту бағытында да айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Әр апта сайын облыс аумағында түрлі ауқымды жүгіру марафондары, велошерулер, мектеп оқушыларына арналған спартакиадалар, студенттік лигалар және ұлттық спорт жарыстары ұйымдастырылады. Бұл шаралар спортты насихаттап қана қоймай, халық арасында бірлік пен отансүйгіштікті арттыруға да әсер етеді. Осы кездесуде айтылған ұсыныстар мен спортшылардың пікірлері негізінде облыс басшылығы тарапынан нақты шешімдер қабылданатын болады. Әсіресе, чемпиондардың дайындық жүйесін одан әрі жетілдіру, халықаралық жарыстарға жиі қатысу, мықты қарсыластармен бәсекелесудің арқасында тәжірибе жинақтау – басым бағыттардың бірі болмақ. Сонымен қатар, облыста жаңа спорт түрлерін дамыту, параспорт пен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спортқа ерекше көңіл бөлу жоспарланып отыр. Түркістан облысы әкімінің чемпиондарды қабылдауы – бұл тек салтанатты шара ғана емес, облыстағы спорт саясатының жүйелілігін, мемлекет басшысы ұсынған салауатты өмір салтын қалыптастыру жолындағы нақты істердің көрсеткіші. Мұндай кездесулер – спортшылар үшін үлкен мотивация, жаңа белестерге жол ашатын қолдаудың белгісі.
Кездесу барысында спортшыларға қаржылай сыйақы табысталды.
Шарада бокстан ұлттық құраманың аға бапкері Мырзағали Айтжанов, Азия чемпионы Шұғыла Нәлібай және ескек есуден Азия чемпионы Артём Терещенко сөз сөйлеп, көрсетілген қолдау үшін облыс әкімдігіне алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, Түркістан облысында спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда облыс орталығында халықаралық стандартқа сай атшабар мен ескек есу каналының құрылысы жүргізілуде.