Қазақстанда Майк Тайсон мен Федор Емельяненконың жекпе-жегіне қарсы пікір айтылды

Қазақстанда Майк Тайсон мен Федор Емельяненконың жекпе-жегіне қарсы пікір айтылды
Бокс

Getty Images

Қазақстандық MMA спортшысы, UFC ұйымының бұрынғы файтері Жалғас Жұмағұлов Майк Тайсон мен Федор Емельяненко арасындағы жекпе-жекті елімізде ұйымдастыру идеясын сынға алды. Бұл туралы ол Betonmobile порталына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Bassport.kz.

Спортшының айтуынша, бұл кездесуге қомақты қаржы жұмсаудың орнына, жастарға қолдау көрсетіп, спорт залдарын ашуға көңіл бөлген дұрыс.

«Оларға зейнетінің рахатын көруге мүмкіндік берейік. Бұл жекпе-жектің еш мағынасы жоқ деп ойлаймын. Оның үстіне, бұған осыншама қаржы жұмсаудың қажеті шамалы. Сол ақшаны жастарға немесе жақсы спорт залдарын салуға жұмсау әлдеқайда тиімді. Сондықтан мен бұл жекпе-жекке қарсымын. Бізде Қазақстанда спорт залдары да жетіспейді, жағдай жоқ, ал олар болса, миллиондаған қаржыны бір шоуға жұмсамақ», — деді Жұмағұлов.

Айта кетейік, Майк Тайсон мен Федор Емельяненко арасындағы кездесу туралы әңгіме бұған дейін де бірнеше мәрте қозғалған. Алайда нақты келісімге келген емес. Федор бұл кездесуді өткізгісі келетінін жасырмағанымен, Тайсон әрдайым сыпайы түрде бас тартумен болған.