Созақта қазақ күресінен ел чемпионаты өтті

Созақ ауданында қазақ күресінен ерлер арасында ел чемпионаты өтті.
Аталған дүбірлі дода қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Түркістан облысы мен Созақ ауданының Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбекұлының 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 28 балуан қатысып, бозкілемде өзара мықтыны анықтады. Шара барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков сөз сөйлеп, мерейтой иесіне құрмет көрсетіп, жылы лебіздерін жеткізді.
Жарыстың шешуші сәтінде Жамбыл облысының балуаны Ғалымжан Қырықбаев пен Түркістан облысының намысын қорғаған Әбдіғали Бибарыс белдесті. Тартысты өткен финалдық кездесуде жамбылдық спортшы қарсыласынан басым түсіп, түйе балуан атағына ие болды.
Бас жүлде ретінде жеңімпазға су жаңа автокөлік табысталды. Сондай-ақ, жүлдегер спортшыларға да қомақты қаржылай сыйақылар берілді.