UFC файтерін жекпе-жегінен екі апта өткенде полиция тұтқындады

Alex Behunin/Cageside Press
АҚШ-тың орта салмақтағы UFC жекпе-жекшісі Седрик Дума үлкен даудың ортасында қалды. Bassport.kz сайтының MMA Fighting-ке сілтеме жасай отырып хабарлауынша, файтер Флоридада бірнеше ауыр айып бойынша қамауға алынған.
Ақпарат көзінің мәліметінше, Дума тұрғын үйді тонау және дене жарақатын салу күдігіне ілінген. Ол Эскамбия округінің түрмесіне қамалып, оған 558 мың доллар көлемінде кепіл сомасы белгіленді.
Ең ауыр айып — "атыс немесе басқа қару қолданбастан тұрғын үйге заңсыз кіру арқылы жасалған тонау". Тек осы баптың өзіне 500 мың долларлық кепіл қарастырылған.
Бұл Седрик Дума есімі құқық бұзушылықпен алғаш рет байланысып отырған жағдай емес. 2023 жылдың ақпанында оны шабуыл жасады деген күдікпен қамауға алған болатын, алайда сол кезде іс сотқа жетпей, айыптар алынып тасталған.
Даулы тұтқынға алудың барлық мән-жайы тергеу тарапынан әлі жарияланған жоқ. Белгілісі — оқиға Седрик Думаның соңғы UFC жекпе-жегінен кейін көп ұзамай орын алған.
Ол жекпе-жек 13 сәуірде өткен UFC 314 турнирінде болған. Сол кездесуде америкалық спортшы польшалық Михал Олексийчукпен кездесіп, бірінші раундта техникалық нокаутпен мерзімінен бұрын жеңілген.
Жалпы, Думаның кәсіби ММА-де он жеңісі мен екі жеңілісі бар.