Қазақстандық танымал ММА файтері допинг қолданатынын мойындады

Қазақстандық танымал ММА файтері допинг қолданатынын мойындады
Жекпе-жек

IStock

Қазақстандық танымал ММА файтері Артем Резников мансабының алғашқы жылдарында тыйым салынған препараттарды қолданғанын ашық мойындады. Бұл туралы ол Sarbaz Podcast жобасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Bassport.kz.

«Мансабымды енді бастаған кезде түрлі кеңестер болды: “мынау жақсы әсер етеді, ананы көр” деген сияқты. Сол кезде кейбір препараттарды қолданып көрдім. Бірақ қазір ойланып қарасам, бұл үлкен қателік болған. Мұндай заттар спортшыға кедергі келтіреді», – деді файтер.

Резников қазіргі жас спортшыларға допингке жүгінбей, медициналық тұрғыдан тиімді әрі қауіпсіз жолды таңдауға кеңес берді.

«Мен әрдайым айтып жүрем: нағыз нәтиже көрсететіндер – тыныс алуы мықты спортшылар. Әсіресе бес раундтық жекпе-жектерде бұл аса маңызды. Жүрекке арналған медициналық препараттар – спортшының төзімділігін ұзақ уақытқа сақтайды. Ал стероидтерге тәуелділер ерте қартаяды. Себебі ондай “химия” ағзаны іштен бұзады: бауыр, жүрек, бүйрек – бәріне зиян. Ал арнайы медициналық дәрілер, керісінше, ағзаның жұмысын жақсартады», – деді ол.