«Қайрат» жанкүйерлері клубқа бойкот жариялады

Алматының «Қайрат» футбол клубының белсенді жанкүйерлері Қазақстан Премьер-лигасының алтыншы турында «Тобылға» қарсы өткен матчқа келмей, клубқа бойкот жариялады, деп хабарлайды Bassport.kz.
Жанкүйерлер өз шешімін клуб басшылығының, әсіресе бас директордың, олардың бастамаларына бірнеше мәрте назар аудармай, елемеуінен туындағанын айтты. Сонымен қатар, 51-сектор өкілдері полиция тарапынан тұрақты түрде қысым мен агрессияға ұшырайтындарын жеткізді.
Фанаттар ұзақ уақыт бойы клубпен конструктивті диалог орнатуға тырысқанын, Алматыда жанкүйерлік мәдениетті дамыту үшін идеялар ұсынғанын және бүкіл қала мақтан тұтатын атмосфера құруға күш салғандарын атап өтті. Алайда олардың барлық бастамалары ешқандай түсініктемесіз және талқылаусыз қабылданбаған.
“Біздің бойкот - «Қайраттан» бас тарту емес, фанаттар қауымына деген немқұрайлылық пен құрметсіздікке қарсы наразылық. Біз сұрамаймыз - біз талап етеміз”, - делінген жанкүйерлердің мәлімдемесінде.
Айта кетейік, қазіргі уақытта «Қайрат» 2025 жылғы Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде 17 ұпаймен көш бастап тұр.