Қазақстандық дзюдошылар Азия чемпионатын қос қола медальмен бастады

Спортты дамыту дирекциясы
Бангкокта (Тайланд) өтіп жатқан дзюдодан Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасының қоржынына екі қола медаль түсті, деп хабарлайды Bassport.kz.
Әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта белдескен Ғалия Тынбаева жұбаныш финалында тайпейлік Чен Хао Линнен басым түсіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Ол турнир барысында төрт кездесу өткізіп, олардың үшеуінде жеңіске жетті. Вьетнам мен Таиланд спортшыларын жеңген Тынбаева жартылай финалда жапониялық Хикари Иошиокадан ұтылып қалған болатын.
Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Шерзод Давлатов та қола жүлде үшін өткен белдесуде өзбекстандық Бахром Батуровты айқын басымдықпен жеңіп, Қазақстан қоржынына екінші медальді сыйлады.
Сондай-ақ, қос дзюдошы — Нұрәділ Әлжан (60 кг) мен Ержан Еренғайыпов (66 кг) жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Айта кетейік, алғашқы күні ерлер 60 және 66 келі, әйелдер 48 және 52 келі салмақ дәрежелерінде белдесті. Құрлықтық бәсеке 28 сәуірге дейін жалғасады.